13-09-18 |
6740 рет қаралған
Мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесі назарда.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесі назарда

Адвокат Шыңғыс Сейфолла «Қазақстандағы халықтың құқықтық сауаты өте төмен. Негізінен,  азаматтық, құқықтық, демократиялық ұстанымды ту етіп жүрген біз сияқты елдерде жеке адамның заңға деген көзқарасы теріс болмауы керек еді. Бізде бәрі жоғарыдағы сөзімізге кереғар, қарапайым азаматтың заңға, мемлекетке, мемлекет өкілдеріне деген сенімсіздігі басым. Мұндай сенімсіздік құқықтық мемлекетке ұмтылған ел азаматтарында болмауы керек. Заңдық орындар, күштік құрылымдар, заң шығарушылар ондай теріс көзқарастарды жоққа шығаруға тиіс. Сосын біздің азаматтарда «Осы заң маған не керек? Мұның маған қатысы қаншалықты?» деген бейғамдық бар. Бұл – бір. Екіншіден, мемлекеттің  халықтың  заңдық сауатын ашу ісіндегі жұмыстары әлсіз. Мемлекет мысалы, қарапайым кез келген азаматтың сауатын ашу үшін не істеп жатыр. Айта аласыз ба?» – деп әлеуметтік желідегі парақшасында көпшілікке сауал тастаған болатын.  Осы арқылы белгілі адвокат елдегі құқықтық жағдайға қоғам назарын аударғысы келгені ақиқат. Шындығында, біз ел заңдары жайлы не білеміз? Оларға заман талабына сай енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықтырулардан хабарымыз бар ма? Мұндай сұрақтардың туындауына ең алдымен, елдегі мүгедек жандардың құқығына қатысты сауатсыздықтар себеп болды. Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы өз дәрежесінде қорғалған ба? Және сол заң талаптарына сай оларға жағдайлар  жасалған ба?

Біздің қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандардың ісіне қатысты әлеуметтік қызметкер деген бар. Естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын парламентте мүгедек баласының жағдайын жасап, содан басқа жұмыспен айналыса алмай отырған ананы әлеуметтік қызметкер ретінде бағалап, оған әлеуметтік жәрдемақылар, яғни еңбек ақы төлеу ұсынылған. Бұл тәжірибе бүгінде ел аумағында қолданысқа де енген. Егер үйінде мүгедек баласы бар ана әлеуметтік қызметкер көмегін қажет етсе онда үкімет оған ондай көмек ұсынады. Рас, оларға қойылатын талап та ерекше. Әлеуметтік қызметкер мүмкіндігі шектеулі адамның әр қимылын қадағалап, оған лайық көмек көрсете алатын тәжірибелі маман болуы керек. Бірақ біздің жағдайда көптеген аналар балаларының қасында өздері болатындықтан, ол қызметтен бас тартады. Осы саланың мамандары сондықтан да бала күтімімен айналысып отырған аналарды әлеуметтік қызметкер санаған абзал дейді.  Алайда, жақында бір танысым өзінің құрбысының баласының мүмкіндігі шектеулі екендігін, бірақ құрбысының әлеуметтік қызметкерден бас тартып, оған төленетін ақшаны өзі алып отырғанын айтты. Және ол келіншектің мүмкіндігі шектеулі баланы одан екі үш жас үлкен қыздарына тастап, күні бойы баланы  қараусыз қалдыратынын, әлгі баланың жерде күшікше сүйретіліп жүретінін, кейде қызуы көтеріліп жататынын, өзінің ол балаға бірнеше мәрте дәрі-дәрмек тамақ беріп кеткенін ашына жеткізді. Біз қалай десек те, аналық құқыққа ие адам өз баласына өзі ие. Оның бала тәрбиесіндегі ұстанымына  сырт адам араласа алмайды.  Дегенмен, адамдық тұрғыда қарағанда, әрине , мұндай әрекеттерді ақтап алу қиын.

Аягөздік  мүмкіндігі шектеулі бір құрбым қазір осындай орталықта қызмет атқарады. Өзі ұзақ жылдардан бері талма ауруымен ауырады. Соңғы жылдары сырқатының сәл жеңілдеуіне байланысты халықты әлеуметтік қорғау орталығында әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеп жүр. Өз ауылындағы мүмкіндігі шектеулі екі үш балаға барып сабақ береді. Екі ата-анасын жер көкке тигізбей мақтап отырады, балаларына бар мүмкіндікті жасаған деп. Ал, бір ата-анасының мүмкіндігі шектеулі балаға өте нашар қарайтынын, тіпті үстіне дені дұрыс киім де кигізбейтінін, кір қожалақ ұстайтынын айтып, налиды. Әлеуметтік қызметкер ретінде баланың көңілін барынша аулауға тырысып, әртүрлі ойындар ойнатамын, «мен келгенде әлгі баланың қуанғанын көрсеңіз»-дейді  танысым. Және ол келіншек осындай мүмкіндігі шектеулі балалардың тәрбиесін,  күтімін ара-тұра тексеріп шығатын арнайы комиссия болса деген тілек айтты. Рас, мүмкіндігі шектеулі баланы бағып-қағып, оның қас қабағына қарау кімге болса да оңай емес. Дегенмен, оның бәріміз өмір сүріп отырған зайырлы мемлекеттің бір өкілі екендігін естен шығармаған абзал шығар. Оның да біз секілді барлық игіліктерді пайдалануға, барлық игіліктерді көруге толықтай құқығы бар. Заңгер Нұрбақыт Ізтілеу де:  «біздің елде мүгедектердің құқығы мүлдем қорғалмаған. Мен жақында ғана Швециядан келдім. Онда әр адамның басы құнды. Ол мүгедек адам болсын, сау адам болсын бәрібір. Екеуінің де қоғамдағы орны бірдей. Бүкіл қоғамдық орындарының барлығында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған барлық жағдайлар жасалған. Тіпті қарап тұрып таң қалдым. Биік таудың басындағы биік шіркеулерін аралап, музейлерді тамашалап, өздерін толыққанды адамдармен тең дәрежеде сезініп жүр. Олар өздерін сау адамдардай сезіне алғаннан кейін әрине, олар қоғамның барлық жұмыстарына сау адамдармен бірдей араласады. Мүмкіндігі шектеулі адамда кедергіге тап боламын, үйден шыға алмай қаламын, қоғамдық көлікке отыра алмаймын деген қорқыныш жоқ. Қорқынышы жоқ адамның қабағы да ашық. Айналасына мейірлене, нұрлана, достық көңілмен қарайды. Біздегі жағдай қалай? Телеарнаны қоса қалсаңыз, өзінің қаріптігіне налып, өмірден баз кешіп отырған адамды көресіз. Олар тіпті қарапайым ғана игілік таза ауаны сыртқа шығып та жұта алмайды. Оларға сыртқа кіріп-шығуға арнайы жолдар жасалмаған. Қоғамдық көліктерді пайдалану мұң. Мүмкіндігі шектеулі баласы бар аналар үшін бұндай проблемалар тіпті қасірет. Балаларына арналған бейімдеу орталықтары жетіспейді. Мемлекеттік тегін медициналық көмек өз дәрежесінде берілмейді. Дәрі-дәрмек жетіспейді. Осындай қордаланған мәселелермен бетпе бет келген адамның тауы шағылмай қайтеді»-дейді заңгер.

«ҚР Балалар құқығы туралы» Заңының  6-тарауы  31-бабы «Мүмкіндігі шектеулі, мүгедек баланың қоғам өмiрiне белсене араласуына ықпал ететiн өз қадiр-қасиетiн қамтамасыз ету жағдайындағы толымды өмiрге денi сау балалармен бiрдей құқығы бар екендігін, ол баланың  өзiнің дене бiтiмiне, ақыл-ес қабiлетiне және тiлегiне сай бiлiм алуға, қызмет түрi мен кәсiптi таңдауға, шығармашылық және қоғамдық қызметтерге қатысуға құқылы екендігін,  ақыл-есiнiң немесе дене бiтiмiнiң дамуында кемiстiгi бар балаларды қоса алғанда, мүгедек балалар мамандандырылған балалар ұйымдарында медициналық-әлеуметтiк көмек алуға құқылы» екендігін айтады. Ал,  Мүгедек баланы жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттiк кепiлдiктер деп аталатын 32-бап  мемлекеттiк органдар және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүгедек баланың денсаулық жағдайын, қажеттерi мен мүмкiндiктерiн ескере отырып, оны оқыту, кәсiптiк даярлау, лайықты жұмыс тауып беру және жұмысқа орналастыру үшiн қажеттi жағдайлар жасауға мiндетті екендігін, мүгедек балалардың жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету, оларды кәсiби даярлау мен қайта даярлауды ұйымдастыру жөнiндегi қызметтi жеке жүзеге асыратын және заңды тұлғалар үшiн Қазақстан Республикасының заңдарымен жеңiлдiктер белгiленуi мүмкiн»-екендігін нақтылап айтады.  Мүгедек балаларға мемлекеттiк көмек деп аталатын келесі 33-бап: «мемлекет мүгедек балаларды қолдауға бағытталған медициналық, құқықтық, әлеуметтiк-экономикалық шаралар кешенiн жүзеге асырады. Мүгедек балаларға көрсетiлетiн мемлекеттiк көмек Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi. Мүгедек балаларды тәрбиелеушi және оларды күтiп-бағуды жүзеге асырушы ата-аналардың және басқа да заңды өкілдердің мемлекеттiк көмек алуға құқығы бар»-дейді. Яғни, мүмкіндігі шектеулі бала үшін біздің мемлекетте барлық кепілдіктер мен мүмкіндіктерді берген. Бізде тек осы заңдарды орындау жағы кемшіл.

  Бізде қазір бұл мәселеге қатысты тағы бір өзектілігін жоғалтпай отырған жағдай, ол мүгедек балаларды балабақшалар мен жалпы білім беретін мектептерге орналастыру, оларды сол қалыпты балалар ортасына бейімдеу жұмыстары. Осы істерде біздің жүйе кешеуілдеуде. Бізде қазір көптеген балалар арнайы мектеп-интернаттарда білім алады. Бірақ оларға ертең қалыпты ортамен араласу сәті келгенде олардың ол ортаға ешқандай дайындығы болмайды. Міне, сондықтан қазір елдегі кейбір қалыпты мектеп, балабақшаларда  мүмкіндігі шектеулі балаларды сау балалармен араластырып оқыту тәжірибиесі енгізіле бастады. Бұл шетел тәжірибесінде бұрыннан бар әдіс.  Шетелде барлық адам бір қоғамда, бір ортада өмір сүргендіктен оларды қабілет-қарымына, денсаулығына қатысты оқшаулау, бірінен бірін бөлу дұрыс емес деп есептеледі. Сондықтан оларда көп жағдайда мүгедектерге арналған арнайы мектептер болмайды.

    Бізде сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі адамдармен психологтар жұмыс істей бермейді. Олардың күйзелісін бөлісіп, оларды қалыпты тіршілікке бейімдеп жүрген мамандар жоққа тән. Сол себепті де олар өзін осы қоғамның қалыпты бір мүшесі ретінде қабылдай алмайды. Мемлекет тарапынан бөлінетін әлеуметтік қызметкерлердің аздығынан қазір елдегі осындай мүмкіндігі шектеулі балаларды қарап отырған аналар өздері бірігіп қоғамдық қорлар, қоғамдық аналар үйін ашуда. Тіпті өз қаражаттарымен балаларды дамытуға арналған құрал-жабдықтар алып жатқан орталықтарда кездеседі. Осындай орталықтың бірі «Ақжол-М» орталығы  Алматы облысы Талғар ауданы, Қызылқайрат ауылында  осыдан төрт жыл бұрын ашылыпты. Еріктілердің өз қаржысы есебінен ашылған орталыққа бүгінде келушілер көп. Мұндай сондай-ақ тек балалар ғана емес, мүмкіндігі шектеулі ересек адамдарда келеді. Олардың айтуынша, мемлекеттен берілетін көмек аз, мәселен, Талғар ауданы бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларды тегін емдейтін бірде бір невропотолог жоқ. Яғни, осы аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандардың барлығы ақылы невропотологтар көмегіне жүгінуге мәжбүр.

 Мүмкіндігі шектеулі жандарда бұдан өзге де пролемалар жетрлік. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі бала да, ересек адамдарға да әуежолдары қатынасын пайдалану үлкен мәселе. Көптеген әуекомпаниялары мүгедектерді сау адамның ертіп жүруінсіз ұшаққа кіргізбейді, оған жеке билет сатудан бас тартады. Әлемдік практика керісінше, оларда мұндай мәселенің ешқашан болмағанын көрсетеді. Оларда бәрі керісінше, тіпті мүгедек баланы да, үлкенді де арнайы коляскалармен әуе компаниясының қызметкерлерінің өздері күтіп алып, шығарып салады. Мүмкіндігі шектеулі жандар проблемасы бұнымен тоқтамайды. Көз жанарынан қаріптердің басым бөлігі өздері үшін жолдан өту мұң екендігін айтысады. Бұдан бөлек, аутизм дертіне ұшыраған балалардың ата-аналары да мемлекеттік көмекке мұқтаж екендіктерін жеткізді. Алайда, мұның бәрі мемлекеттің бұл салада қол қусырып қарап отырғанын көрсетпесе керек. Жыл сайын биік мінберлерде мүмкіндігі шектеулі жандар проблемасы көтеріледі. Тіпті елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де өзінің халыққа арнаған әр жылдардағы жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандарды назардан тыс қалдырған емес. Ол өзінің кезекті жолдауында мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс екенін айтып, барша кәсіпкерлерге оларды жұмысқа орналастыруға көмектесуге шақырған еді. «Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады», – деген. Ел Үкіметі де осы міндетті атқару жолында жыл сайын әртүрлі бағдарламаларға бастамашы болуда. Ендеше, мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайының заманға сай оңды өзгерістерге қарай бейімделетініне сенейік.

Ақбота Сейдахмет

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.