arasha.kz

Мәселе – Божкода емес, телеарнада…

Қош, депутат Владимир Божконың айтуынша, ауыл жастарының қалаға ағылуына шектеу қою керек екен. Өйткені ауыл жастары қалаға келген соң әртүрлі жат ағымдағы діни топтардың жетегінде кетеді, онымен қоймай, жұмыс таппай сенделіп, қаладағы әлеуметтік жағдайы жақсы топтарға қызғаныштан өздері барып ұрынып, қала өмірінің тыныштығын кетіреді екен-мыс. Ол «Әбу-Даби Плаза» құрылыс кешеніндегі төбелеске тікелей кінәлі ауыл жастары деді. Бір сөзін айтып, екіншісін айтпай қараулық жасамайын, «ол үшін ауыл өмірінің әлеуетін жақсарту керек» деп аяқтады сөзін вице-спикер. Осы арада ауыл жастарының 97 пайызы қазақ жастары екенін естеріңізге сала кету артық шығар. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?!» Ауылда қазір арақ пен жұмыссыздықтан басқа ештеңе қалмады. Жердің бәрі жекеменшікке өтіп кеткелі мал жаюдың өзі машақат. Жанар-жағармайдың бағасы аспандап кетті. Енді қайтып жерге түсе ме, түспей ме, белгісіз. «Қазақтар жалқау, әйтпесе ауылда тұрып мал бағып, егін егіп, шаруа қожалығымен айналысып, шалқып өмір сүруге болады ғой» деп көсемсімей-ақ қойыңыз. Мықты болсаңыздар ауылға барып, бір ай тұрып көріңіздер, екі қолыңызды төбеге қойып, жаяу қашатыныңызға мен кепіл. Өйткені ауылдағы психологиялық, әлеуметтік жағдай тым қиын. Кез келген ауыл тұрғынымен сөйлесе қалсаңыз, қала жаққа көшуге ниетті екенін айтады. Себебі қалада, әйтеуір, екі қолға бір күрек табылады. Мұны бір деңіз. Екіншіден, қалада қайнаған өмір бар. Мұнда адам өзіне-өзі көңіл бөліп, өзін дамытуға мүмкіншілік бар. Бір уақыт театр мен киноға барсаң да, өзіңді аздап болсын адамдай сезінесің. Үшіншіден, ауыл мектебінің білімі мен қала мектебінің білімі жер мен көктей екені жасырын емес. Ал баланы оқыту – қазақтың ең жанды жері. Қазақ баласының оқуынан ештеңе аямайды, онысымен қоймай, шамасы келсе, баласын әртүрлі спорт және өнер үйірмелеріне бергенді жақсы көреді. Баласын биіктерден көруді армандамайтын ата-ана жоқ. Ал ауылда осы аталғандардың ешқайсысы жоқ. Төртіншіден, ауыл мектебін бітіріп, арман қуып қалаға келген әрбір талапкер үшін қала өмірінің қым-қуыт тынысына үйрену өте қиын әрі үлкен психологиялық соққы болып тиеді. Бұл бәріміздің басымыздан өтті. Ал қала мен қала маңында өскен балаларға мектептен кейін студент атану немесе жұмысқа кіру сыныптан сыныпқа көшкен сияқты аса бір қиыншылығы жоқ әдеттегі тірлік. Кез келген ата-ана баласы сондай қиыншылыққа ұшырамаса екен деген тілеумен де көшіп келетіні рас.
«Қанша дегенмен қаланың баласы емес пе?!» деген сөз тіркесінің арғы шетінде үлкен дүние жатыр, біле білгенге.
Ауыл шын мәнінде қазақтардың резервациясы болғаны жасырын емес қой. Совет өкіметі әртүрлі идеологиялық қулық-сұмдыққа салып, қазақтарды ауылдан шығармаудың неше түрлі айласын ойластырды емес пе?! Брежнев заманына дейін ауыл адамдарына паспорт бермей естерін шығарды. Сәл өркениетті Брежнев заманында Қазақ ССР-індегі өнердегі бүкіл идеология екі нәрседен ғана тұрды. Біріншісі – социализмді дәріптеу, екіншісі – қазақтарды ауылға айдау. Ауылдың жігіті қалаға кеп бұзыла жаздап барып, қатал да тасбауыр қала өмірінен түңіліп, қайтадан ауылға барып адам болатыны туралы сюжетті жазбаған жазушымыз қалмаған шығар сол уақытта. Ақырында ауыл жастарын қалаға тіркемей сандалтты. Себебі не? Себебі мынада: негізі, мал бағу сұмдық азапты жұмыс. Мал бағудың азаптылығы сонша – ата-бабамыздың өзі мал бағуға арнайы адамдар жалдап, ақысын төлеген. «Диқан жаңбырда, малшы өлгенде демалады» деп бекер айтпаған. Ішіңдегі парасат-пайымың жоғары болмаса, малмен бірге мал болып кетуің ғажап емес. Мал соңында тепеңдеп, сіңбіруге мұршасы жоқ боп жүрген адамның саясатта, елдік, ұлттық мәселеде шаруасы жоқ болады. Сондықтан да түпкі саясаты қазақ жерін біржола отарлау саясаты болған Совет өкіметі қазақтарды қалаға жолатпай, мал соңына, ауылға айдап отырды. Екінші себебі – қалада қазақ көбейсе, қазақ тілі үстемдік алып кетеді, ол өз кезегінде халықтың рухын оятатыны сөзсіз еді. Мұның жемісі әйгілі Желтоқсан көтерілісі болды. «Алматыдағы қазақтардың үлес салмағы 16 пайыздан неге асып кеткен?» деп басшылардың бажылдайтыны сол кез.
Бүгінгі биліктегілер сол басшылардың тікелей ізбасарлары. Екі мағынада да. Сол кезде алаңдағы қазақ жастарын қыруға үлес қосқандардың барлығы аман-сау, әлі де биліктің бас жағында. Божко да әлі сол заманда жүргендей. Есік алдында 1986 емес, 2017 жыл екенінде шаруасы жоқ, Қазақияда қазақтардың үлес салмағы 70 пайыздан асып кеткенінде жұмыс жоқ. Әуелі десең, Қазақстанда тұрғанын да ұмытқан болар. Сондықтан вице-спикер Божко жаңағыдай айтты екен деп шалқадан түсер жайымыз жоқ. Онсыз да шалқадан құлай-құлай шаршадық. Шалқадан жатқан адам қайтадан шалқадан құламас болар, бізге бәрібір боп кеткелі қай заман. Құдайға шүкір, билік бөлек, біз бөлек өмір сүріп жатырмыз. Үйреніп те қалдық. Билігіңнен де, парламентіңнен де бұдан артық сөз күтпейміз. Бізді алаңдататыны – билік сатысындағы бесінші адамның осы бір сандырағына телеарналардың не деп жауап қатқаны болды. Қоғамның барометрі болған Facebook желісі әдеттегідей өре түрегелді. Хош делік. Одан кейін өре түрегелуге тиіс сіз бен біздің салығымыздан түскен ақшаға шығып жатқан мемлекеттік арналар – Qazaqstan мен «Хабар» болуы тиіс еді. Екеуінде бұл мәселеде үн жоқ. «Хабар» арнасының кешкі жаңалықтарын қарап шықтым. Қалыс қалған болармын деп апта қорытындысы «Жеті күнге» де көз салдым. Оным бекер болған екен, ана апа құсап «Хабар» көрсететін Қазақстанда өмір сүргім келіп кетті. Божконың дауыл сөзі жайында ештеңе жоқ. Каляни ұлттық арн… кешіріңіздер, шатасып кете берем, Qazaqstan ұлттық арнасын қарадым. Жо, жоқ. Ондай әңгіме болмаған тәрізді. Халықтың ақшасына күн көретін осы екі телеарна жұрт сөзін айтса керек еді. Божконың ерсі сөзіне көңіл аударса керек-ті. Тым құрыса журналистік ұстанымын айтып, әу деуі керек еді. Олай болмады.Олар айтпағанды «Еуразия» арнасы айтты-ау. Былтыр жер дауында халықтың көшеге шығуына АҚШ-ты кінәлі еткен телеарна осы жолы Божкоға айтып-айтып тастап таңғалдырды. «Тек шындықты айтамыз» деп ұрандайтын «31 арна» айтса айтқан болар деп қарамадым (жаңалықтарын Youtube-ке жүктеп отырушы еді, таба алмадым).
Ал КТК арнасы Божконың күндізгі сөзіне кешкі жаңалықтарынан сын садағына іліктіре жауап беріп, ырза қылды. Онысымен қоймай, «Апта П» қорытындысында сараптама берді. «Көлеңкені көзге ілмегеннің аяғы бір күні аспаннан келеді» деп жоғарыдағыларға сес көрсете сөйледі жүргізуші. Бағдарламаның шынайылығы мен қазақилығына тәнті болдық.
Божкоға қайта оралайық. Негізі, Божконың ерсі пікірлері қорқынышты емес. Оның және сол сияқтылардың бүйректен сирақ шығаратындардың оғаш сөздерінен, әкем марқұм айтпақшы, «итім де қорықпайды». Қорқыныштысы – жеп отырған нанының қайдан келетінін білмейтін ұлттық телеарналар. Бар мәселе осында ғой. Олар үндемеген соң, ұлт намысын кім көрінген таптағысы келіп тұрмай ма?!

Жәнібек САУДАНБЕКҰЛЫ
Алматы

Дереккөз: Жас Алаш

Exit mobile version