07-11-18 |
3510 рет қаралған
Мемлекеттік телеарна репортері (бұрынғы) шындықты жайып салды.
Мемлекеттік телеарна репортері (бұрынғы) шындықты жайып салды

Мақаланың түпнұсқасы Coda Story веб платформасында жарияланған.

Мемлекет журналистерді қалай насихатшыларға айналдыратынын Кремль телеарнасында жұмыс істеген ресейлік тілші айтып берді.

Сәнді костюм киген Дмитрий Киселев біздің жаңалықтар бөліміне жеңімпаз адамша күлімсірей кірді. Үш күн бұрын, яғни 2013 жылдың 9 желтоқсанда президент Владимир Путин ресейлік медиа ландшафты түбегейлі қайта құратын жарлыққа қол қойды. Киселев – батыстық БАҚ беттерінде Кремльдің «бас насихатшысы» атанған адам, РИА Новостидегі менің жаңа басшым болудың аз-ақ алдында тұр.

Ұзақ жылдар бойы «РИА Новости» Ресейдегі ең ерекше медиа-ұйымдардың бірі: тепе-теңдікті сақтауға, әрі шынайы есеп беруші, керемет беделге ие мемлекеттік агенттік еді. Путиннің бұл жарлығы жаңа ашылған «Россия Сегодня» (Russia Today) ұйымы  РИА-ны жұтып қоятындығын білдірді. Егер ағылшын тіліндегі RT Батыстқа ресейлік ресми көзқарасты жеткізуге міндетті болса, «Россия Сегодня» ел ішіндегі аудиторияға жұмылдырылатын болады. Киселевті оның бас директоры етіп тағайындады.

Редакцияның ортасында тұрған күйі Киселев болашаққа қатысты өзінің көзқарасын жариялады: «Бізді президент әкімшілігі мен үкімет қолдайды. Біздің елде сөз бостандығы бар екенін білесіздер. Бірақ бейтарап журналистиканың кезеңі аяқталды. Объективтілік – бізге аңыз ретінде ұсынылған; таңылған.  Өзім де осы қағидаларға сүйенуші едім, бірақ мен ішкі эволюциядан өттім», – деді ол.

Мен РИА Новостиден бірер айдан кейін шығып кеттім, содан кейін бірнеше апта жаңа жұмыс іздеп жүрдім. Ақырында, Мәскеу қаласының үкіметі басқаратын жергілікті телеарна маған репортер қызметін ұсынды. Басқа ештеңе таппадым. Әңгімелесу барысында мен саяси мәселелерді қамтуды қаламайтындығымды жеткіздім, ал редакторлар менің тілегімді құрметтейтіндігін білдірді. Бірақ насихат машинасы мені жұта алмайды деп ойлап, өз-өзімді алдап жүріппін.

Аптасына бір рет, әдетте жұма күндері, үкіметтік БАҚ платформаларының барлық негізгі редакторлары түгелдей Кремльде «редакциялық кеңес» үшін жиналатын. Бұл жиын негізінен Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың басқаруымен өтеді. Бірнеше сағаттан кейін нағыз редакцияларда нағыз редакциялық жиналыс өтеді де, Кремльдегі кездесу негізінде жетекші продюсерлер тобы алдағы жарияланымдарда қандай мәселелер көтерілуі керектігін, кешкі ток-шоуға қандай қонақтар келетіндігін талқылайды.

Мен осы редакциялық кеңестен қашып кетуге тырысатынмын. Бұл – уақытты босқа жоғалту екенін білетінмін. «Баяндама әзірлеп жатырмын, сол себепті қолым бос емес» дейтінмін немесе кеңсе жанындағы сыраханада тығылатынмын. Алайда, үнемі қашып жүре алмадым. Ресей 2014 жылы Қырымды аннексиялағаннан кейін көп ұзамай орын алған бір кездесу әлі есімде. «Бұдан былай шындық іздеуге уақыт жоқ»,- деді бас редакторлардың бірі, «Біздің еліміз суық соғыс дәуіріне қайтып оралды».

Мен саясаттан мүмкіндігінше алшақтау мәселелерге көңіл бөлетінмін. Мәскеу билігінің жаңа метро желісінің құрылысын салуын, жолдардың жаман жай-күйлерін немесе қаладағы шектен шыққан кептелістер туралы сюжет жасайтынмын. Бұл деңгейде цензура болған жоқ. Кейде тіпті нағыз журналистикамен айналысып жүргендей сезінетінмін. Қылмыскер риэлтордың схемаларына қатысты жасаған сюжетім бір отбасына пәтерін қайтарып алуға көмектесті.

Біздің орталық редакциямыздың қабырғасында «Қырым: аннексияланған жоқ», ол «қайтарылды» деп жазылған бір парақ қағаз ілінген. Бұл сөздер Қырым аннексиясы жайлы материалдар берілген кезде тележүргізушілер мен тілшілердің қолдануы міндетті терминдер.

Біз студиямызда отырып «хунта» (украина үкіметі), «қасапшылар» (украин армиясы), «бесінші колонна» (ресей оппозициясы) тәрізді жаңа сөздерге бүкіл елді үйреттік.

Бұл сөздердің ешқайсысы редакция ішіндегі жеке әңгімелерде қолданылмайды, бірақ, соған қарамастан жұмысымыз бізге акулалар бассейнінде жүзіп жүргендей еді. Жұмыстан кейін бір-бірімізбен сөйлескен емеспіз. Шынын айтқанда, біз көп сөйлеске де емеспіз. Бірақ басқа телеарналардағы әріптестеріммен жақсы қарым-қатынаста болдым. Олар да мен сияқты істеп жүрген жұмыстары мен жеке басының арасын қашық ұстады. Біз миымыздағы осы жағдайды сипаттау үшін «ішкі иммиграция» деп, советтік ескі терминді қолдандық.

Осындай «иммигранттардың» бірі Андрей еді. Ол өзін қалыпты либерал ретінде сипаттайтын. Бұл Ресейде үкімет жасайтын нәрсені ұнатпайтын, әрі оған қарсылық көрсетуге тырысатын, алайда жалпы алғанда саяси жүйені жақсы деп есептейтін адам.

Андрей екеуіміз жиі кездесетін едік, бірде кезде ол Украинаның шығысындағы соғыс туралы хабар жасауға аттанды. Бұл уақыт жанжалдың шарықтау шегі еді, Ресей тарапынан қолдау көретін сепаратистерден Андрей өзіне көп нәрсе сіңіріп алыпты. Ол қайтып келгенде өзгергенін байқадым. Тіпті жеке әңгіме кезінде де оның тілі ресей мемлекеттік теле арналарының жаңа жаргонына толып кетіпті.

Онымен дауласуға тырысуым бәлки, идеалистік шығар. Бірақ мен оған басқа тарапты да танытқым келді, алайда Андрей өз шешімін қабылдаған еді. Ол алдымен «объективті» жаңалықты хабарлауға тырысқанын айтты, бірақ кейіннен Украинада шындық жоқ екенін түсініпті. «Бір жағы сізді атқылап жатса, екіншісі сізді қорғайды. Күннен күнге ызалана бересің, ызалана бересің. Сондықтан, бір жақты таңдауыңыз керек». Менің қарсы аргументтерім ешқандай нәтиже бермеді.

Сол кезеңде Ресейде көптеген кәсіби және жеке әлемдер қақтығысты. Бұл қарама-қайшылықтардың барлығы Украинадағы соғысқа қатысты емес.

Мәскеу билігі 2014 жылдың жазында қаланың жан түршігерлік жол қозғалысы мәселелерін шешуге шешім қабылдады. Өзгерістердің бірі автотұрақ үшін жаңа төлемақы еді. Мәскеуліктердің, әсіресе автокөліктері барларының ашу-ызасы туды, бірақ біз әріптестерімізбен бұл мәселені оңды етіп көрсетуіміз керек болды.

Біздің ғимаратта жеке паркинг болған жоқ, сондықтан өз көліктері бар барлық қызметкерлер көшеде тұраққа ақша төлеуге мәжбүр болды. Бұл мәселені жариялау үшін тағайындалған әріптесім Аннаның өзі машинасын көлік инспекторларынан жасыруға барынша тырысып бақты. Кейде көшеде тұрған кезде инспекторлар оған жазалау билетін бере алмауы үшін, нөмір тақтайшасын алып тастайтын. Бірақ теледидарда ол құбылып шыға келді. Мэрдің позициясын жақтап, бұл өзгеріс жақсы болғанын айтып, бірде-бір рет жаңа ережелер туралы ашуланған адамдардан сұхбат алмады. Негізінен, реформа үшін «шын адамдар» табу мүмкін болмады. Сондықтан мемлекеттік компаниялардан жергілікті тұрғындар ретінде көрсету үшін бізге бір-екі қызметкерлерін берулері сұралды.

«Ақиқатты іздеуге уақыт жоқ», – деп 2014 жылы Ресейдің Қырымды қосып алғанынан кейін көп ұзамай редакциялық кеңесте айтылды.

Менің ойымша, біздер, журналистердің көбі  – болжауымша  шамамен 60 пайызы – кетіп қалғысы келді. Кейбіреулері, бәлки 25 пайызы немқұрайлық танытқан жоқ, ал қалғандары өздерін дұрыс жасап жатырмыз деп ойлады.

Жеті ай жұмыс істегеннен кейін кетіп қалдым. Ал қалғандарды жазғыратындай мен кіммін? Бұл адамдардың кейбіреулері теледидарға шығып сөйлеп, мазмұнды пікірталастар өткізуге болатын 2000-шы жылдардың бас кезінде  арнаға қосылған еді. Ақырын-ақырын, жылдар өткен сайын компромистер олардың өміріне дендеп еніп алды. Бұл редакторлар мен журналистердің 2010 жылдың басына қарай балалары пайда болды, ипотекалық несие алды,  енді оларға жұмыстан кету оңай емес. Кремльдің дезинформациялық науқаны әлемдік тәртіпті өзгертуді қалайтын адамдардан гөрі осындай, достары мен туыстары өздерін теледидардан көрмейтініне сенеді журналистерге байланысты.

Менің бұрынғы әріптестерімнің бірі Алексей де осыған дәлел. Біз екеуіміз де көбінесе баспасөз мәслихаттарын, әр-түрлі шараларды қамтитын журналистер ретінде бастаған едік. Бірақ Алексей жұмыс орнында тез көтеріліп, бөлім басшысы атанды.

Жұма күні кешкісін ол екеуміз Мәскеудің орталығында үлкен барға ішімдік ішуге шықтық. Вискиді қотара салған Алексей маған жұмыс аптасының қиын болғанын айтты, уақыттың басым көпшілігінде Ресей спорт министрімен өткен ерекше күрделі сұхбатпен айналысыпты. Бір жағынан алып қарағанда көруге лайық, ал екінші жағынан қиын сұрақтар қоюға болмайтын бағдарлама жасау үшін көп уақыт пен күш жұмсалады.

Ресейлік мемлекеттік телеарнада Алексейдің мансабы сәтті болғанымен, одан шығып кетудің жоспары дайын тұр. Жақында ол өзінің әйелі мен екі қызын Вьетнамға көшіріп алды, олар жағажайда орналасқан коттеджде тұрады. Бір-екі жылдан кейін отбасына қосылып, кішігірім қонақ үй ашып алып, «қазіргі жасап жатқан барлық нәрселердің барлығын ұмытып кетемін» деп үміттенеді.

Барлық тілшілердің есімдері өзгертілді

Илья Кизиров (Ilya Kizirov)

Иллюстрация: Sofiya Voznaya

Ағылшын тілінен аударған: Нұржан Жеңіс

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.