02-10-18 |
1320 рет қаралған
Министр: Үкімет міндетті зейнетақы жарнасы туралы қаулы қабылдады.
Қазақстан үкіметі қазанның 2-сінде азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім бойынша жұмыс істеп ақша табатындарды (немесе фрилансер) зейнетақы жарнасын төлеуге міндеттейтін заңды күші бар қаулы қабылдады. Астанада үкімет отырысының арасында журналистер сауалына жауап берген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова қаулы осы аптаның соңына дейін күшіне енуі мүмкін екенін айтты.

Министрдің сөзінше, қазір міндетті зейнетақы жарнасын төлеу жүйесі іске қосылуға дайын тұр. Аталған санаттағы азаматтар міндетті зейнетақы жарнасын банк арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының есепшотына аударады. Бұл жерден қаржы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылады.

Биыл 14 шілдеде зейнетақымен қамтамасыз ету туралы заңға өзгертулер енгізілген. Түзетілген заңда азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім бойынша жұмыс істеп ақша табатын жеке тұлғалар, мысалы, адвокаттар, жеке сот орындаушылары мен нотариустар зейнетақы жарнасын төлеуі тиіс екені айтылған. Бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова қазір осы жарнаны төлеу тәртібі анықталып жатқанын айтқан.

Бұған дейін азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім бойынша жұмыс істеп ақша табатындар зейнетақы жарнасын төлеуге міндеттелмеген еді. Жаңа заң өзгерісі бойынша, енді бұл санаттағы азаматтар табысының 10 пайызын әр айдың 25-іне дейін төлеуге міндеттелмек.

Қазақстан заңы бойынша, азаматтар ай сайынғы табысының 10 пайыз мөлшерін БЖЗҚ есебіне аударуға мiндеттi.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.