arasha.kz

Нұрсұлтан Назарбаев: Баға жетпес басты мерекеміз – Тәуелсіздік!

фото - akorda.kz

фото - akorda.kz

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиынға қатысып, сөз сөйлеп, халықты Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Төменде президенттің салтанатты жиындағы сөзін толық жариялап отырмыз.

Қадірлі қауым!

Қымбатты отандастар!

Баршаңызды баға жетпес басты мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – қыран құстай еркіндікке ұмтылған халқымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы орындалған күн.

Тәуелсіздік – жүрегі елім деп соққан әрбір қазақстандық үшін аса қадірлі, айрықша ардақты ұғым.

«Адам бақытты өмір сүруі үшін, оның тәуелсіз Отаны болуы қажет» деген даналық сөз бар.

Бүкіл халқымыз ақсарбас айтып, егемендік байрағын көкте желбіреткеніне, міне, 27 жыл толып отыр.

Осы уақыт ішінде Қазақстан тамырын тереңге жайып, өрісін кеңейтіп, кемелдене түсті.

Сынағы көп сындарлы кезеңнен сүрінбей өтіп, мәртебесі биік, тұғыры берік, мерейлі мемлекетке айналдық.

Еуразияның жүрегінде орналасқан жаңа Елорда – жаңғырған Қазақстанның символы саналады.

Биыл Ақордалы Астанамыздың 20 жылдығын жұрт болып жұмылып, жоғары деңгейде атап өттік.

Бұл мерейтойға еліміздің барлық өңірлері атсалысып, шаһарымыздың көркейе түсуіне зор үлес қосты.

Еліміз  бүгінде әлемдік бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарында.

Жаһан жұртшылығы Қазақстанды мойындап, сенімді серіктес ретінде таныды.

Өңірлік проблемаларды шешу ісінде салиқалы саясат ұстанған біздің ұранымыз әрдайым татулық пен тұрақтылық болды.

Қазіргі таңда мемлекетіміз халықаралық ұйымдардың бітімгерлік жұмыстарына белсене атсалысуда.

Жиырма бірінші ғасырдың екінші онжылдығында Қазақстан жаңа белестерді бағындыруға кірісті.

Биылғы қаңтар айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне  төрағалық етуіміз – соның айқын дәлелі.

Қазақстан екі жыл бойы осы Кеңестің тұрақты емес мүшесінің мәртебелі миссиясын атқарып келеді.

Бейбітшілікті жақтайтын мемлекетіміз осылайша халықаралық қауымдастыққа кеңінен танылды.

Құрметті халайық!

«Ел қуатты болмай, егемендік тұрақты болмайды» деген қанатты қағида бар халқымызда.

Сондықтан, біздің мақсатымыз – айқын, бағытымыз – анық, мұратымыз – асқақ.

Орнықты дамуға жол ашатын мемлекеттік бағдарламалар мен тың бастамалар жүзеге асырылуда.

Атап айтқанда, ел экономикасын жаңғыртуға бағытталған цифрландыру процесі қарқынды жүріп жатыр.

Халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін «Бес әлеуметтік бастама» еліміздің дамуына оң серпін берді.

Биылғы қазан айындағы Жолдауым азаматтарымыздың тұрмыс сапасын арттыру мәселесіне арналды.

Жаһандық бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің өзгеше моделін құруға қадам бастық.

Қазіргі таңда ұлттық сананың жаңаруына тікелей ықпал ететін Үшінші жаңғырудың мәні зор.

Соның аясында биыл Түркістан қаласы қайта түлеп, облыс орталығы мәртебесін иеленді.

Ғасырларды жалғап келе жатқан түркі жұртының рухани астанасы лайықты орнын алды.

Шырайлы Шымкент халқының саны бір миллионнан асып, еліміздегі үшінші мегаполис атанды.

Сөйтіп, Алматы және Астана сияқты республикалық маңызы бар қалалардың қатарына қосылды.

Тәуелсіздігіміз жарияланған 1991 жылғы 16 желтоқсан – ұлт шежіресінде алтын әріппен жазылған тарихи күн.

Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде азат елде ойы сергек, танымы терең жаңа буын өсіп-жетілді.

Тоқсаныншы жылдары дүниеге келген балалар бүгінде азамат болып, мемлекетті дамытуға атсалыса бастады.

Бұл кезеңдегі жас буын Қазақстан, Мәңгілік ел ұғымдарын жадына жаттап, түйсігіне тоқып өсті.

Жуырда жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаламда әлемдік өркениетке қосқан үлесімізді кеңінен атап көрсеттім.

Жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу арқылы ел егемендігін баянды ете аламыз.

Сонда ғана келешек ұрпағымыздың рухы биік болып, жан дүниесі жаңарады.

Ұлттық код пен рухани жаңғырудың бір қыры осында деп білемін.

Қазақстанның біртұтастығы, ұлтымыз бен жұртымыздың терең мәдениеті беделімізді биіктете түседі.

Дереккөз: akorda.kz

Exit mobile version