15-10-18 |
3540 рет қаралған
«Отаншыл ұрпақ тәрбиелеу – басты ұстаным».
«Отаншыл ұрпақ тәрбиелеу – басты ұстаным»

Ұлжалғас Есназарова еліміздегі білікті ұстаздардың бірі. Білім саласында тәжірибесі мол ұстаздың соңғы жылдары мектеп бағдарламасындағы өзгерістерге қатысты да өзіндік пікірін білдіріп жүргенін білеміз.  Білім беру ісінің үздігі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қызметкері, Ресей Жаратылыстану академиясының ака­демигі атанған ұлағатты ұстаз әсіресе, «Қазақстанның физикалық географиясы» пәнінің мектеп бағдарламасынан алынып тасталғанына өкпелі. Бүгінгі сұхбатымыз да осы мәселеге арналды.

– Мектеп бағдарламасына қатысты пікір қосып, ұсыныс айтатындар көп. Өкініштісі сол, мұндай жандардың басым бөлігі білім саласынан мүлде хабарсыз. Олардың еркіне салсақ оқушылар әр заңды мектепте оқып, қоғамдағы қиындықтарға білім ордаларында жүріп дайын болуы керек. Әрине, сіз сияқты білім саласының білгірі білмей ұсыныс тастамасы белгілі. Дегенмен, сіз айтып жүрген «Қазақстанның физикалық географиясы» пәнін де арнайы пән ретінде өтпей-ақ үйретуге болмай ма?

– Білім саласына кім көрінгеннің тұмсығын тығып жүргені рас. Бірақ, ашық қоғам болғандықтан пікір алуандығына шектеу болмауы керек. Құзырлы орындар сол айтылғандардың ішінен керегін іріктеп алу үшін отыр. Олардың міндеті сол. Ал мен «Қазақстанның физикалық географиясы» пәніне қатысты мәселені жайдан жай көтеріп жүргем жоқ. Бұл шын мәнінде өте өзекті мәселе. Мұнда ұлттық мүдде тұр. Өкініштісі сол, бұған дейін 8 сыныптарға оқытылып келген пән 2018-2019 оқу жылының бағдарламасына енбей қалған. Ол аздай, 9 сыныптағы  «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» пәндері де келесі оқу жылында алынып тасталады деген хабар бар. Мұның барлығы жаңартылған оқу бағдарламасының «жемісі».

Қазақ географиясының мектеп бағдарламасынан шеттетілуі жөн емес.  Өйткені, дүниежүзінде қалыптасқан жүйе көрсетіп отырғандай географияны оқытуда өзге елдерде өзгеріс жоқ.  Әлемдегі тәуелсіз дамыған мемлекеттің барлығы ең алдымен өз мемлекетінің географиясын оқытады. Алысқа бармай-ақ, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстанды алайық. Олардың барлығында ел географиясы бұрынғыдай оқытылады. Көршілес Ресейде білім саласын жаңартқанда біртіндеп өмірдің талабына сай өзгеріс енгізді. 8-сыныпта «География. Ресей табиғаты» деген пән оқытады. Онда Ресейдің табиғи байлығы мен табиғат ресурстары жыл бойы оқытылады, ал оның ішінде дүниежүзіндегі географиялық орнына 5 сағат, 9-сыныпта  «Ресейдің экономикалық және әлеуметтік географиясы» оқытылып жатыр. Екі жылда тек Ресейдің географиялық орны мен жер аумағын оқытып  түсіндіруге барлығы 8 сағат бөлінген. Ал бізде керісінше, бар сағаттарды алып тастап отыр. Елдік мұраға деген сүйіспеншілікті Израильден үйрнесек те артық емес. Жер көлемі біздің бір ауданның көлемінен кіші бұл мемлекетте өз елінің географиясы  2 жыл қатарынан оқытылады. Тіпті, көршілес Қырғыз елінің де туған жерінің географиясын үйретуге деген ынтасы алабөтен. Бұл елде аталмыш пән мектеп бағдарламасынан мықтап орын алып қоймай, жоғары оқу орындарында барлық мамандыққа міндетті пән ретінде қарастырылған. Міне, елге, жерге деген құрметтің үлгісі. Сондықтан, жаңартылған бағдарламада да елдің географиясын оқыту мәселесі екінші қатарға ығыстырылмауы керек.

– «Қазақстанның физикалық географиясы» пәнінен оқушылар нені үйренеді? Мұнда қандай маңызды мәселелер қамтылған?

8-сыныпта  оқылып келген «Қазақстанның физикалық географиясы» пәнінен оқушылар Қазақстанның географиялық орны мен табиғат жағдайы, елтаңбасы, мемлекеттік туы, әнұраны, зерттелу тарихы, жер бедері, климаты, ішкі суы, топырағы, табиғат кешендері, табиғат зоналары, ірі физикалық-географиялық аудандары және табиғатты қорғау тақырыптары географиялық тұрғыдан білім беру талаптарына сай оқытылып келген болатын. Ал 9-сыныпта «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» курсында оқушылар республикамыздың шекарасы, дүниежүзінің саяси картасындағы Қазақстанның  алатын саяси-географиялық орны, мемлекеттік құрылымы, халқы және еңбек ресурстары, табиғат ресурстары, оларды шаруашылыққа тиімді игеру жағдайлары мен экономикасының дамыған салалары және экономикалық аудандары бойынша білім алатын. Мұнда бір жүйелілік бар еді. Бір-біріне жалғасып, бірін-бірі толықтырып отыратын сабақтар балалардың ел географиясынан толыққанды мәлімет алуына ықпалын тигізетін. Ал жаңа бағдарламаға сәйкес, Қазақстан географиясы пәнінде оқитын тақырыптарды әр сыныпқа шашыратып жіберген. Бағдарламада үндестік жоқ. Мұндай мәселеге салғырт, атүсті қарауға болмайды.

– Бұл мәселеге алаңдап жүргендер аз емес. Қазақстан географиясына қатысты мәселенің маңыздылығын Парламент депутаты Бақыткүл Хаменова да айтып, құзырлы орындарға құлаққағыс етіп жүр.

Ұлттық мәселеден зиялылардың ешқайсысы шет қала қоймас. Расында, жұртшылық байқап отырғандай бізді қолдаушылар аз емес. Барлық «Нұротандықтар»,  Қазақстанның Еңбек ері Аягүл Миразова, ҚазҰУ-дің профессорлары Шарип Надиров, Гүлнар Нүсіпова, Гүлзира Оразымбетова сияқты ел білетін азаматтар да түйткілге назар аударып, биліктің құлағына жеткізуге атсалысып жүр. «Көпке қарсы тұру, ағысқа қарсы жүзу» дейді ғой. Сол айтпақшы, алғашқы кезде аса мән бермегенмен, жаңа бағдарламаны жасаушылар бұл мәселеге енді ден қояр, олқылықты түзер деген үмітім жоқ емес. Қазірдің өзінде енгізілген бағдарламаны жөндеймін десе мүмкіндік бар. 9-сыныпқа таңдау курстары есебінен 2 сағатты «Қазақстанның физикалық географиясын» оқытуға қосып берсе аптасына 4 сағат болып, биылғы 8 сыныпта оқымаған тақырыпты толыққанды оқытуға болады.

Бұған қоса, жаңа бағдарламаны енгізу үшін оқулықтар дайындау керектігі де түсінікті. Ал бұл көп қаржыны талап етеді. Одан бөлек, жыл сайын оқу бағдарламасын өзгерту мұғалімдердің де жұмысын қиындатып, әуресін көбейтеді емес пе? Мұның соңы оқушылардың да жүйелі білім алуына кері әсерін тигізері даусыз. Оның үстіне оқулық жазу да оңай шаруа емес.  Мәселен мен өзім жазған оқулықтармен оқушыларды оқыта жүріп  ғылыммен айланыстым. Себебі Қазақстанда жазылған оқулық басқа мемлекеттерде жазылған оқулықтардан сапасы, мазмұны жағынан кем болмауы керек деп өзіме жоғары талап қойдым. Расында біздің мұғалімдер де, оқушылар да ешкімнен кем емес.  Осы жоғары талап менің ғылыми ізденісте жеңіске жетуіме, нәтижелі жұмыстар атқаруыма түрткі болды.  Айталық, Ресей Жаратылыстану Академиясы менің кітаптарымды бағалап, Парижде 2014 жылы Франция Ұлттық қауымдастығы ұйымдастырған конкурсқа жіберіді. Осы байқауда SEIN Алтын медаліне ие болып,  «Білім мен ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясының  жүлдегері атандым. Сонымен қатар, Мәскеу қаласында өткен «Отандық ғылымның алтын қоры» атты Халықаралық конкурсында «Қазақстанның физикалық географиясы» оқулығы жеңімпаз болды. Бұл Қазақстанда жазылған кітаптардың сапасы дүниежүзілік талапқа сай екенін білдіретін, әлемнің мойындағанын дәлелдейтін дерек.

– Ал «Қазақстан георафиясын» мектепте ғана емес, орта арнаулы, жоғары оқу орындарына оқытуға не кедергі?

– Ұлтжанды ұрпақ тәрбиелегіміз келсе қазақтың тілін, қазақтың тарихын, географиясын жеткілікті деңгейде оқытуға көңіл бөлуіміз керек. Қазір география тұрмақ, медициналық, техникалық оқу орындары гуманитарлық сабақтарды оқытуға ішінара қарсылық танытуда. Қазақ тілін, тарихын мектепте оқыса да жетпей ме деген көзқарас бар. Бұл түбірімен қате. Біз осындай үстірт ойдан арылуымыз керек. Елжанды азаматтарды тәрбиелеу білімді маман қалыптастыру қағидасымен қатар тұруы тиіс.  Тағы бір айта кетерім, география сабағы 6-сыныптан бастап оқытылады. 6 және 7-сыныптарда жалпы географияға кіріспе ретінде оқытылады. Ал 8-9 сыныпта оқушылардың санасы да өсе бастайды, тұлға ретінде қалыптасады. Міне, сол уақытта Қазақстанның барлық географиялық ерекшеліктерін айтып түсіндіруіміз керек. Екінші жағынан, 9 сыныптан кейін көпшілігі колледждерге түсіп кетеді. Демек, ол оқушылар елдің географиясынан бейхабар болады.

Қазақтың жер аумағы деген түсінік бұл ата-бабамыздың бізге берген мұрасы. Оның табиғаты мен байлығын, жануарлар мен өсімдіктерін, тау-тас, өзен-көлдерін қазақ баласы мектеп бағдарламасында оқып білуі тиіс. Оны білмесе балаларды қалай ұлтжандылыққа тәрбиелейміз?! Мысалы, бала шет тілін білмесе оны қажет болғанда оқып үйреніп алады. Ал, географияны мектепте оқытпаса кейін қайтып қолға алуы неғайбыл. Елдің географиясын оқыту туған жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастырады. Бұл атамекенде өсетін өсімдіктердің, тіршілік ететін жануарлардың түрлерін, жалпы баланың табиғатқа деген көзқарасын қалыптастыратын керемет пән. Ал, оны оқымаған бала өз жерін қалай жақсы көреді, қалай оны қорғайды, аялайды?!

– Ой бөліскеніңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Нұрлан Шынтаев

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.