arasha.kz

ПАСЕ Ресей делегациясына дауыс беру құқығын қайтарудан бас тартты

Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясы (ПАСЕ) ұлттық делегациялардың құзыреті туралы қарар жобасын салалық комитетке толықтырып, өңдеуге қайтарды. Қарарды кері қайтаруды 99 депутат қолдап, 79 депутат қарсы дауыс берді, 16-сы қалыс қалды. Қарар қабылданған жағдайда Ресейдің ПАСЕ сессияларына қатысуына мүмкіндік туатын еді.

«Парламенттік ассамблеяның өкілеті мен дауыс беруіне қатысты шешім қабылдау процесін жетілдіру» деп аталатын қарар жобасында Ресей айтылмайды. Бірақ жоба қабылданғанда Ресей делегациясы ПАСЕ-нің қаңтарда өтетін келесі сессиясына қатысуына жол ашылатын.

ПАСЕ-нің Ресеймен кикілжіңіне қатысты ымыраға келтіретін жоба дайындаған комитет өкілдерінің бірі, Германиядан сайланған социал-демократ Франк Швабе құжаттағы ұсыныстардың «теңгеріммен жасалғанын» айтты. Оның сөзінше, қарар Ресей делегациясының ПАСЕ-дегі құқықтарын толық қалпына келтіруге әсер етпейді.

Ресей Мемлекеттік думасының вице-спикері Петр Толстой ПАСЕ-нің ұлттық делегациялардың өкілеті туралы қарар жобасын талқылауды кейінге қалдыруы ассамблеяның «іс-әрекет жасауға қабылетсіз екенін» көрсетеді деп мәлімдеді.

Ресей 2014 жылы Қырымды аннексиялап алып, Украина шығысындағы сепаратистерді қолдағаны үшін ПАСЕ-де дауыс беру құқығынан айырылған. ЕКПА-дағы Ресей депутаттарына ассамблея жиындарына қатысып, сөз сөйлеуге және комитеттерде жұмыс істеуге ғана құқық берілген. Мәскеу бұдан соң қарсылық ретінде ЕКПА сессияларына қатысудан бас тартқан. 2017 жылы жазда Ресей Еуропа кеңесінің бюджетіне жарна төлеуді тоқтатқан. Мәскеу жыл сайын ПАСЕ-ге 33 миллион еуро (ұйым бюджетінің 10 пайызы) жарна төлейтін.

Қыркүйекте Ресей Федерация кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко ПАСЕ төрайымы Лилиан Мори Паскьемен кездесуінде Ресей Еуропа кеңесі құрамынан шығу ықтималдығын қарастырып жатқанын мәлімдеген.

Ресей қазір ПАСЕ сессияларына қатыспайды, бірақ Еуропа кеңесі министрлер комитетінің жұмысына араласады.

Azattyq.org

Exit mobile version