arasha.kz

Петров пен Боширов туралы мәліметтен соң жабық базаға кіру қиындады

«Александр Петров» пен «Руслан Боширов» туралы мәліметтер жарияланып кетіп, Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) тергеу бастаған соң Ресейдің жабық мәліметтер базасына кіру қиындады. Бұл туралы The Bell интернет басылымы хабарлады.

Ішкі істер министрлігінің бұрынғы екі қызметкерінің басылымға айтуынша, «Роспаспорт» базасына және кәсіпкерлер қызметкерлер мен контрагенттерді тексеру үшін қолданатын Федералдық салық қызметінің мәліметтер базасына кіру қиындаған. «Бұрын базаларды бірге тұратын адамың немесе танысың арқылы пайдалануға мүмкіндік болса, қазір барлығы ілігіп кетпейін деп уайымдап отыр» деді бұрынғы полицей. Екінші дереккөзі барлау қызметі мәліметтерінің қолды болуы «шектеуді бұрынғыдан да күшейте түсетінін» айтады.

30 қазанда «Росбалт» агенттігі ФСБ-дағы дереккөзіне сілтеме жасап, «Петров» пен «Боширов» туралы мәліметтердің жариялануына күдікті шекара қызметі мен Федералдық салық қызметінің екі қызметкері ұсталғанын хабарлаған.

Қыркүйектің басында Ұлыбритания билігі биылғы наурыздың 4-і күні Солсбери қаласында Сергей Скрипаль мен қызы Юлияға қарсы жүйкені жансыздандыратын аса улы зат қолдануға күдікті саналатын екі ер адамныңбейнебақылау камерасы түсірген фотосуретін жариялаған. Полиция мәлімдемесінде ол екі адамның Ұлыбритания аумағына «Руслан Боширов» және «Александр Петров» деген ресейлік азаматтарға берілген паспортпен келгені айтылған.

Оқи отырыңыз: The Insider мен The Bellingcat: «Руслан Боширов» – ГРУ полковнигі Анатолий Чепига»

Bellingcat зерттеу тобы Александр Петровтың шын аты Александр Мишкин екенін анықтаған. Зерттеу тобының мәліметінше, Мишкин әскери академиялардың бірінде медициналық білім алған және Ресей әскери барлауының қызметкері. Руслан Бошировтың ресейлік барлаушы Анатолий Чепига екені белгілі болған.​

Ал «Петров» пен «Боширов» RT телеканалына өздерінің «қарапайым кәсіпкерлер» екенін, Солсбериге «турист ретінде барғанын» мәлімдеген.

Мәскеу Сергей мен Юлия Скрипальдерге жасалған қастандыққа қатысы барын жоққа шығарады. Ресей президенті Владимир Путин «Петров» пен «Бошировты» «қарапайым адамдар» деп атап, олардың ісінде «ешқандай қылмыс жоқ» деп мәлімдеген.

Azattyq.org

Exit mobile version