Үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінен бастап елдегі жол қозғалысын реттеу үшін полиция алатаяқты (жезл) қолдануға көшті. Бұл туралы Ішкі Істер Министрлігінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарланған.
Хабарламада айтылғандай, алатаяқтар тек жол қозғалысын реттеу үшін, әсіресе тәуліктің қараңғы уақытында және нашар көріну жағдайында, сондай-ақ:
⠀
«- жол-көлік оқиғалары және жолдарда кептеліс пайда болғанда, оның ішінде бағдаршамдар жасамай қалғанда;
⠀
– көлік құралдарының ұйымдасқан колонналарын алып жүруге;
⠀
– терроризмге қарсы операцияны және (немесе) күзет іс-шараларын өткізу кезінде;
⠀
– табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарын болдырмау және (немесе) жою кезінде көлік құралдарын бағыттау үшін қолданылады.
⠀
Алатаяқты пайдалану реттеуші беретін сигналдарды жол қозғалысына қатысушылардың қабылдауын жақсартады және полицейлердің қауіпсіздігін арттырады.
⠀
Жол жүрісін реттеу сары түсті кеудешелер киіп, арнаулы жарық шағылыстырғыш қолғаптармен алатаяқты пайдалана отырып, ысқырықпен белгі беру бойынша жүзеге асырылады.
⠀
Жол қозғалысы қауіпсіздігі сақталуын бақылау көбінесе автоматты тіркеу жүйелерінің көмегімен атқарылады.
⠀
Бүгінгі күні автожолдардағы патрульдік полиция жұмысы толығымен автопатрульдеуге ауыстырылғанын атап өту қажет. Яғни көлік құралдарын тоқтату арнайы жарық-дыбыс сигналдарын және дауыс зорайтқыш құрылғылар пайдалана отырып, алатаяқ қолданбай, сигнал беру арқылы автопатрульдеу режимінде жүзеге асырылатын болады.
⠀
Полиция қызметкерінің көлік құралдарын қолмен белгі беріп тоқтатуына жол берілмейді», делінген хабарламада.
⠀
Сонымен қатар министрліктің айтуынша, алатаяқтарды қолдануға көшу үшін бюджеттен қаржы талап етілмейді. Өйткені бұрынғы алатаяқтар сақталған.
Еске сала кетейік Қазақстанда жол полицейлеріне 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап алатаяқ қолдануына тыйым салынған. Құқық қорғау органдары жүйесінде жол қозғалысын қолмен реттеу енгізілген.