02-10-18 |
2270 рет қаралған
Прокуратура: Тәтішев өліміне қатысты іс сотқа берілді.
Қазақстан Бас прокуратурасы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің үстінен бұрынғы банкир Ержан Тәтішевтің өлімі бойынша қозғалған қылмыстық іс сотқа берілгенін хабарлады. Бас прокуратураның 2 қазан күні таратқан ақпараты бойынша, Әблязовтің ісі Қылмыстық кодекстің 1997 жылғы редакциясының 28-бабы 3-тармағы (қылмыс жасауды ұйымдастырған немесе оның орындалуына басшылық жасаған адам) және 96-бабы 3-тармағының «ж» және «з» бөлімдері (топ болып, алдын ала сөз байласу арқылы, пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, қорқытып алушылықпен, я бандитизммен ұштасқан жеке адамға қарсы қылмыс) бойынша дәрежеленген.

Тәтішев өліміне қатысты істі Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарайды.

Ержан Тәтішев 2004 жылы аңшылықта жүргенде оқ тиіп өлген. Сол кезде бұны сот «жазатайым оқиға» деп танып, банкирдің жанында бірге болған кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдиді бір жылға соттаған. Бірақ 2017 жылы іс қайта қаралып, Мұратхан Тоқмәди Тәтішевті «ТұранӘлем» банкін иеленуді көздеген «Мұхтар Әблязовтің тапсырысымен өлтірдім» деген. Сот оны 2018 жылы он жарым жылға соттады.

Қазақстан бас прокуратурасы 4 сәуірде Мұхтар Әблязовтің үстінен «банкир Ержан Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырды» деген айыппен қылмыстық іс қозғаған.

​Осыдан кейін Мұхтар Әблязов Азаттыққа Ержан Тәтішев өліміне қатысты тергеуге және сотқа қатысуға дайын екенін мәлімдеген. Ол сотқа Тәтішев өліміне қатысы бар деп сотталған Мұратхан Тоқмади келсе ғана отырыстарға видео арқылы тікелей қосылатынын айтқан.​

Мұхтар Әблязов 2009 жылдан бері шетелде тұрады, өзіне қатысты барлық айыптаулардың саяси себебі бар деп санайды. Қазақстан соты Әблязовті «қылмыстық топ құрды» және «ақша жымқырды» деп, 2017 жылы сырттай 20 жылға соттаған.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.