01-11-18 |
960 рет қаралған
Путин Константинополь патриархының шешімін сынады.
Ресей президенті Владимир Путин Константинополь патриархы (Бүкіләлемдік патриарх) Варфоломейдің Украина православие шіркеуіне өзін-өзі басқару құқығын беруінің салдары «ауыр болатынын» ескертіп мәлімдеме жасады.

Әлемдегі 300 миллионға тарта православтың жетекшісі саналатын Константинополь патриархы Варфоломей қазанның 11-і күні Украина православие шіркеуіне өзін-өзі басқару құқығы – автокефалия беруге шешім қабылдаған.

Орыс православие шіркеуі Бүкіләлемдік патриархаттың бұл шешімін «қауіпті» әрекет деп атап, Константинополь патриархатымен евхаристиялық байланысын толық үзген.

Путин 31 қазан күні Мәскеуде орыс диаспоралары өкілдерінің форумында сөйлеген кезінде «Мен бір жайтқа назар аударғым келіп тұр: мұндай нәзік мәселеде саяси айла-шарғы жасаудың әрқашан да ауыр салдары болады, бұл әсіресе саяси әрекет жасағандардың өзіне тиеді» деді.

«Біздің халық үшін жасайтын ең бірінші міндетіміз – рухани және тарихи бірлікті сақтау» деді Ресей президенті.

Патриарх Варфоломейдің Украина православие шіркеуіне автокефалия беру шешімі Ресей 2014 жылы Қырымды аннексиялап, Украина шығысындағы қақтығысқа киліккен соң шиеленісіп кеткен Киев пен Мәскеудің қарым-қатынасын одан ары ушықтыра түсті.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.