«Әдетте көпжақты шаралардағыдай, кеше кешкісін ас кезінде президент Трамп пен бірінші ханым бірнеше әлемдік лидерлермен, соның ішінде президент Путинмен бейресми әңгімелесті», – деген Сандерс.
Бұған дейін Дональд Трамп Ресейдің украиналық кемелерді ұстағаны үшін Путинмен желтоқсанның 1-і күні G-20 саммиті аясында өтеді деп алдын ала жоспарланған кездесуден бас тартқаны туралы мәлімдеген.
Буэнос-Айрестегі саммит аяқталған соң Ресей президенті журналистерге Трампмен жұма күні кешке «атүсті» болсын қысқа сөйлескенін айтқан. Путиннің сөзінше, ол Трамптың Қара теңіздегі оқиғаға байланысты қойған сауалдарына «екі ауыз сөзбен» жауап берген.
«Оның бұл мәселелер бойынша өз ұстанымы, ал менің өз ұстанымым бар, әрқайсымыз өз пікірімізде қалдық, бірақ, әйтеуір, мен оған бұл оқиғаға қалай қарайтынымызды жеткіздім» деген Путин.
Ресей президенті АҚШ оған дайын болған кезде Трамппен екеуінің арасында толыққанды кездесу өтеді деп үміттенетінін жеткізді.
АҚШ президенті Трамп ресейлік әріптесі Путинмен «қолайлы уақытта» кездесетінін айтқан. Бұл туралы ол «Америка дауысы» медиа құралының ағылшын тіліндегі қызметінің журналисі Грете Ван Сустеренге Буэнос-Айрестегі G-20 саммиті кезінде берген сұхбатында мәлімдеген.
«Украинаға, оның кемелері мен теңізшілеріне қатысты жайттар болып жатқанда бұл қолайсыз уақыт болар еді, бірақ мен онымен кездесем» деген Трамп.