arasha.kz

Қарағандыда көпқабатты үйде өрт болды: Үш адамның денесі табылды. 8-қабаттан құлаған бір адам ауруханада жатыр

10 қаңтарда кешке Қарағандыда Республика даңғылындағы 16 қабатты тұрғын үйде өрт болып, өртенген пәтерден үш адамның мәйіті табылды. Бұл жөнінде төтенше жағдай министрлігі хабарлады. Өрт кезінде сегізінші қабаттан 1979 жылғы ер адам құлаған. Қазір ол ауруханада жатыр. 

Министрліктің хабарлауынша, құтқару қалпағының көмегімен 48 адам (9-ы бала) құтқарылған. 82 адам эвакуацияланған (21-і бала).  

Сағат 22:55-те өрт сөндірілген. Оқиға орнында 88 адам, 23 техника жұмыс істеген. 

Бұған дейін әлеуметтік желіде өртке жарылыс себеп болғаны хабарланған еді. Министрлік жарылыс туралы болжамды растаған жоқ. 

«Оқиға орнында газ құрылғылары анықталған жоқ. Ешнәрсе бұзылмаған немесе қирамаған. Жылу жүйесі бұзылмаған. Өрт себебі анықталып жатыр» деп жазылған министрлік хабарламасында. 

Министрліктің хабарлауынша, эвакуацияланған тұрғындар қаладағы қонақ үйлерге немесе туыстарына орналастырылады. Оқиға орнында психологтар жұмыс істеп жатыр. Тұрғындарды пәтерлеріне орналастыру мәселесі шешіліп жатыр. 

Жергілікті биліктің хабарлауынша, өрт болған 16 қабатты тұрғын үйге электр энергиясын беру тоқтатылған. 

«Жарылыс болған (жарылыс туралы болжамды министрлік растамаған – ред.) пәтерде сарапшылар жұмыс істеп жатыр. Тұрғын үйде электр энергиясы жоқ, бірақ жылу бар. Сарапшылар жұмысы аяқталған соң тұрғындарды пәтерлеріне қайтару мәселесін қарастырамыз. Қазіргі кезде жеті пәтер тұрғындары университет жатақханасында. Адамдардың бір бөлігі – жылыну пунктерінде. Автобустарда ыстық тамақ ұйымдастырылған» деді Қарағанды әкімі міндетін атқарушы Мейрам Қожықов «Қазақпарат» агенттігіне. 

Ол сонымен бірге төменгі бөліктегі пәтерлердің зардап шеккенін, бірақ «оттан емес, судан» екенін айтты. Сарапшылар жұмысы аяқталған соң билік пәтерлерді қалпына келтіру мәселесін шешпек.

Azattyq.org

Exit mobile version