Таңғы тоғыздан бастап әкімдік алдына келе бастаған жүздеген адамды әкімдік өкілдері мәдениет үйіне кіргізіп сөйлескен.
Шамалған ауылының тұрғыны Зәуре Алдабековның айтуынша, желтоқсан айында тұрғындардың газға төлейтін ақшасы күрт көбейген.
– Мәселен, бұған дейін айына 15-17 мың теңгеден төлеп келсек, өткен айда 25-27 мың теңге төледік. 45 мыңға дейін төлегендер де бар. Біз осыны реттеуді, газдың тарифын арзандатуды талап етіп келдік. Жалақы өскен жоқ, баға қымбаттап барады. Енді оған газдың бағасы қосылды, – дейді Зәуре Алдабекова.
Қараша айында жаққан газ үшін 14 мың теңге төлеген Құмарал ауылының тұрғыны Ділбар Мақсетова желтоқсан айы үшін 35 мың теңге төлеуге тура келгенін айтады.
– Екі есе қымбаттатып отыр, сұмдық қой. Бізді басқа компанияға ауыстырсын, – дейді Ділбар Мақсетова.
Жиынға Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов келген. Наразы тұрғындар одан газды қымбаттатып отырған «Сигма-Газ» компаниясынан бас тартып, басқа компанияға көшіруді сұрады. Алайда аудан әкімі халыққа «Бұл – сендерге ауыстыра салатын балон емес» деді.
– Бас тарта салатындай ол балон газы емес қой. Бұл баға монополияға қарсы комитетпен келісілген. Комиссия құрып, басқа компаниялардың тарифімен салыстырайық. Сонан кейін нақты жауап берейік, – деді аудан әкімі Жасұлан Естенов.
Жиынға Қарасай ауданының бірнеше ауылына газ таратып отырған «Сигма-Газ» компаниясының бірнеше өкілі келді. Алайда газдың не себепті қымбаттағанын айта алмады. Оларды аудан әкімі Жасұлан Естенов «қарапайым қызметкерлер баға туралы айта алмайды. Компанияның директоры Қазақстанда емес, шетелде тұрады» деп құтқарды.
Ауыл тұрғындары талаптары орындалмаса, 25 қаңтарда ауыл әкімдігі алдына тағы да жиналатын болып тарқады.
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024