Елімізде соңғы бір жыл ішінде макарон өнімдерінің бағасы 11 пайызға қымбаттады. Әсіресе, Атырау, Қызылорда, Қарағанды облыстарында ұн өнімдерінің бағасы шарықтап кетті.
Energyprom.kz мәліметінше, осы жылдың қаңтар-тамызында Қазақстанда 100,8 мың тонна макарон, кеспе, кускус және өзге де осыған ұқсас ұн өнімдері өндірілген.
«Тамыз айының қорытындысы бойынша макарон өнімдері бір айда 1,3%-ке, ал бір жыл ішінде 11,1%-ке қымбаттады. Әсіресе, Атырау облысында (22%-ке), Қызылорда (18,4%-ке) және Қарағанды облыстарында (17,5%-ке) баға қатты өсті», – делінген хабарламада.
Макарон өнімдері арасында бір жыл ішінде кеспе 12,4%-ке, спагетти 11,5%-ке, вермишель 10,9%-ке, рожки 10,7%-ке қымбаттады.
Қыркүйекте базарлар мен дүкендерде кеспенің бір келісі 782 теңге, вермишель 374 теңге, рожки 361 теңге тұрды.
Бұған дейін Қазақстанның астық одағы макарон өнімдерінің бағасы өсетінін мәлімдеген еді. Өйткені нарықта шикізат құны көтерілген. Оған биылғы құрғақшылық салдарынан бидай түсімінің аз болуы себеп.