«Qazaqstan» РТРК» АҚ биыл тарихи бағытта Ахмет Байтұрсынұлы, Жәңгір хан, Домалақ ана, Қаныш Сәтбаев, Жұмабек Тәшенев пен Мұқағали Мақатаев жайында телехикая түсіруді бастайды.
Мемлекет басшысы тапсырмасымен қолға алынған тарихи сериалдардың түсірілімі туралы «Qazaqstan» РТРК» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Танысбай айтып берді.
«Биыл корпорация 197 бөлімнен тұратын 16 отандық сериал түсіреді. Оның ішінде 34 бөлімді 6 тарихи сериал бар. Олардың кейбірінің түсірілім жұмыстары басталып кетті. Байқау былтыр қыркүйек айында жарияланып, екі айға жуық уақыт жүргізілді. Бұл туралы ресми сайт пен әлуметтік желідегі парақшаларымыз арқылы ашық жарияланды. Осы уақыт аралығында 77 компаниядан 218 сериал жобасы келіп түсті. Бұған дейін де айтып келеміз, байқау жариялаудағы басты мақсат – отандық сериалдар сапасын арттыру және тақырыптар ауқымын кеңейту. Ал ұсыныс беруші компанияларға қойылатын негізгі талап – телехикаялар өндірісі саласындағы тәжірибесінің болуы.
Тағы бір назар аударатын нәрсе, тәжірибеден бөлек, телехикая биыл жақсы рейтинг көрсететін болса, келер жылы да сол компаниядан келетін жобаны қабылдауға басымдық береміз. Жіберілген ұсыныстардың барлығы көркемдік кеңес отырысында талқыланады. Биыл тарихи бағытта Ахмет Байтұрсынұлы, Жәңгір хан, Домалақ ана, Қаныш Сәтбаев, Жұмабек Тәшенев пен Мұқағали Мақатаев жайында телехикая түсірмекпіз. Тарихи сериал өндірісінде бұған дейін жіберген кемшіліктер толық зерделеніп, көрерменнің пікірі ұзақ сарапталды. Өндіруші компаниялармен мұның барлығы егжей-тегжей талқыланды. Олар да жауапкершілікті сезініп отыр.
Осы күзде «Қаныш. Қазына» деген атаумен ұсынбақпыз. Жобаға жазушы Медеу Сәрсеке ағамыз кеңесшілік етеді. Режиссері – Ерлан Нұрмұхамбетов. Ерлан бұған дейін Ұлттық арна түсірген «Айман-Шолпан», «Шырғалаң», «Үзілмес үміт», «Жолайрық», осы мамыр айында ғана тұсауы кесілген 100 бөлімді «Замандастар» телехикаясына режиссерлік еткен»,- деді Танысбай Айқын газетіне берген сұқбатында.