13-11-18 |
1460 рет қаралған
Ресей соты «Путинге қастандық жасамақ болған» қазақстандықты босатпады
.
Ресей соты Қазақстан азаматы, Владимир Путинге Ресей премьер-министрі болып тұрғанда қастандық жасамақ болды деген айыппен сотталған Илья Пьянзинді шартты түрде мерзімінен  бұрын босатудан бас тартты. Бұл туралы Самара облыстық прокуратурасына сілтеме жасаған ресейлік «Коммерсантъ» газеті хабарлады. Пьянзин жазасын Самара облысындағы қатаң режимдегі түрмеде өтеп жатыр.

Пьянзиннің өзін шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін Самар облысының Волга аудандық соты қарады. Прокуратураның ақпаратынша, сот Пьянзинді «түрме қызметкерінің талабын орындамағаны үшін» босатудан бас тартты.

Мәскеу соты 2013 жылы күзде 33 жастағы Пьянзинді 2011 жылы Владимир Путинге қастандық жасауға дайындалды деп айыптап, 10 жылға соттаған. 2017 жылы шілдеде Пьянзин Ресей президенті Владимир Путиннен өзіне рақымшылық жасауды сұраған.

Пьянзин 2012 жылы ақпанда Украинада шешенстандық Адам Осмаевпен бірге олар тұрып жатқан пәтерде қолдан жасалған жарылғыш құрылғы жарылып, жандарында болған тағы бір Шешенстан азаматы Руслан Мадаев қаза тапқан кезде ұсталған. Пьянзин мен Осмаев Путинге қастандық жасауға дайындалғанын мойындаған. Кейін екеуі де тергеуде өздеріне қысым жасалғанын мәлімдеп, жауаптарынан бас тартқан. Тергеу болжамынша, Пьянзин 2011 жылы желтоқсанда Украина территориясында болғанында Ресей президенттігіне кандидат Владимир Путинге қастандық жасауды жоспарлаған топқа қосылған. Топ Мәскеуде Путиннің кортежі жүретін жолда миналанған көлік жаруды жоспарлаған.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.