05-03-19 |
2880 рет қаралған
Ресей зымыран келісімін орындауды тоқтатты.
Ресей зымыран келісімін орындауды тоқтатты

Ресей президенті Владимир Путин «Орта және қысқа қашықтыққа арналған ядролық зымырандарды жою» келісімін орындауды Ресейдің тоқтататыны туралы жарлыққа қол қойды. 1987 жылы желтоқсанда сол кездегі АҚШ президенті Рональд Рейган мен СССР басшысы Михаил Горбачев қол қойған келісім Еуропа мен өзге де аймақтағы бейбітшіліктің кепілі ретінде қабылданып келген.

Кремль сайтында жарияланған жарлықта «АҚШ келісім бойынша алған міндеттемелерін бұзғандықтан осындай шешім қабылданғаны» айтылған. Ресей сыртқы істер министрлігіне 4 наурызда күшіне енген жарлық туралы АҚШ-ты хабардар ету тапсырылған.

Бұған дейін НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Мәскеуді зымыран келісімінен бас тартпай, соңғы мүмкіндікті пайдалануға шақырған болатын. Ол НАТО қару-жарақ бәсекесіне ұмтылмайды және Еуропада жаңа ядролық зымыран орналастырмайды деп мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: Ресейдің жаңа ядролық құралдары: аңыз әлде ақиқат?

АҚШ 2 ақпаннан бастап орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы келісімнен шығу процесін бастағанын хабарлаған. Мәскеу бұған жауап ретінде Ресейдің де келісімнен шығатынын мәлімдеген.

Вашингтон Ресей қарулы күштерінің 9М729 «Новатор» зымыраны келісім шартын бұзады деп санайды. Мәскеу «зымыранның ұшу алыстығы 500 шақырымнан аспайтындықтан келісім талаптарын бұзған жоқпыз» дейді.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.