arasha.kz

Ресейде 19 әйелді өлтірген бұрынғы милиционер қайта сотталды

Ресейдің Новосібір облыстық соты бұрынғы милиционер Евгений Чуплинскийді 19 әйелді өлтіргені үшін өмірлік түрме жазасына кесті. Ресей Жоғарғы соты милиционердің ісі бойынша алғашқы сот үкімінің күшін 11 қыркүйекте жойған еді. Жоғарғы сот алғашқы инстанция соты үкім шығарған уақытта кейбір қылмысқа жаза қолдану мерзімі өтіп кеткені ескерілмеген деп таныған. Жоғарғы сот алғашқы сот үкімін жойғанымен, Чуплинскийді айыпты деп таныған алқа билер шешімін күшінде қалдырған.

Биыл ақпанның соңында алқа билер соты Чуплинскийді кінәлі деп танып, 6 наурызда сот оған өмір бойы түрмеде отыру жазасын кескен.

Бұрынғы милиционердің ісі 7 қарашада қайта қарала бастаған. Тергеу дерегінше, қылмыстың біразы 1990 жылдары және 2000 жылдардың басында жасалған.

Тергеу Чуплинскийдің 19 әйелді айуандықпен өлтіріп, денелерін бөлшектеп тастағанын анықтаған. Ол бұл қылмыстарды 1998-2005 жылдар аралығында Новосібір қалалық ішкі істер департаментінде жұмыс істеп жүргенде жасаған. Тергеу мәліметі бойынша, ол жезөкшелерді зорлап, одан соң оларды өлтіріп отырған.

Қолға түскен уақытта ол жасаған қылмыстарын мойындап, тергеумен келісімге отырған. Қылмыс болған орындарға барып, әйелдерді қалай өлтіргенін баяндап берген. Чуплинский психиатриялық сараптамадан өткен. Дәрігерлер оның дені сау екенін анықтаған.

Бірақ 2017 жылы сәуірде ол кінәлі еместігін айтып, берген мәлімдемелерінен бас тартқан. Сотталушының әйелі мен балалары бұл қаладан көшіп кетуге мәжбүр болған.

Azattyq.org

Exit mobile version