Ресейліктердің 70 пайызы Сталиннің тарихтағы рөліне оң баға береді. «Левада-центр» орталығы жүргізген сауалнамаға сәйкес, жауап берген азаматтардың тең жартысына жуығы Сталин репрессиясын ақтауға дайын, деп жазады azattyq.org.
2019 жылы наурызда орталық жүргізген сауалнамаға қатысқан әрбір екінші адам (51 пайыз) Сталинге сүйсінетінін не құрметпен қарайтынын айтқан. «Атын естігенде тітіркенемін», «қорқамын» не «жиеркенемін» деп Сталинге негативті қарайтындар саны үш есе аз – 14 пайыз.
Сауалнамаға қатысқандардың 19 пайызы Сталиннің Ресей тарихындағы рөліне теріс баға берген.
Сталин мен оның тарихтағы рөліне оң баға беретіндер арасында Ресей коммунистік партиясын жақтайтындар ғана емес, президент сайлауында Владимир Путин мен Владимир Жириновскийге дауыс бергендер де бар. Әлеуметтанушылар сөзінше, барлық жас санаты бойынша Сталинге оң баға беретіндер басым түскен.Instagram бізге жазылыңыз
Сауалнама қорытындысы бойынша, «Сталин тұсында азаматтардың репрессияға ұшырауын ақтауға болмайды» деген ойды ресейліктердің 45 пайызы қолдайды. 2008 жылы бұл көрсеткіш 60 пайыз еді.
2017 жылы «Левада-центр» соңғы 27 жылда Сталинге оң қарайтын адамдар саны үш есе артқанын хабарлаған.
2019 жылы СССР-да жаппай қырып-жою репрессиясының басталғанына 82 жыл толады. Қазақстан да одан тыс қалмады. Зерттеушілердің айтуынша, совет билігі кезінде Қазақ ССР-інде 3,5 миллион адам репрессияға ұшыраған. Тұтқындау мен ату жазасының басым бөлігі билікте Иосиф Сталин отырған кезде болды.