Келісімнің бастапқы бағасы 116 миллион рубльден асады. «Роскосмос» агенттігі зымыран ұшыруды үш миллиард рубльден көп қаржыға сақтандырғысы келеді. Алайда, осы уақытқа дейін бір де бір сақтандыру компаниясы тендерге қатысуға өтініш бермеген. Өтініш беру мерзімі 30 қазанда аяқталады.
Қазанның 11-і күні Байқоңыр ғарыш айлағынан Халықаралық ғарыш станциясына ұшырылған «Союз» зымыран тасығышы әуеге көтерілгеннен бірнеше минуттан соң апатқа ұшыраған. Зымыран тасығышқа тіркелген «Союз МС-10» ғарыш кемесі халықаралық станцияға ресейлік ғарышкер Алексей Овчинин мен америкалық астронавт Ник Хейгті жеткізуі тиіс болған. Апаттан соң ғарышкерлер отырған капсула Байқоңырдан шамамен 500 километр қашықтыққа қонған.
«Роскосмос» апатқа зымыранды құрастыру кезіндегі ақау себеп болуы мүмкін деп топшылап отыр. Бұл зымыранды ұшыру 4 миллиард 650 миллион рубльге сақтандырылған.