14-04-21 |
1710 рет қаралған
«Сайлауға дайындал»: Ауыл әкімі болғыңыз келе ме?.
«Сайлауға дайындал»: Ауыл әкімі болғыңыз келе ме?

Қазақстанда енді кез келген азамат ауыл әкімі бола алады. Ол тек кемі бір жыл мемлекеттік қызметте немесе екі жыл жеке кәсіпорында жетекшілік жұмыс істеуі тиіс. «Сайлау туралы» ел заңы осылай дейді.

Биыл елімізде тамыз бен желтоқсан айының аралығында ауыл әкімдерінің сайлауы өтеді. Осы аралықта 836 ауылдың әкімін халық сайлауы керек.

Ұлттық экономика министрлігі «Сайлау туралы» Заң жобасын таныстырды. 

Сайлауға саяси партиялар кандидат ұсына алады немесе кез-келген азамат өзін-өзі ұсынады. Кандидат 25 жастан асқан, сотталмаған, Қазақстан Республикасының азаматы, жоғары білімді болуы шарт.

Өзін-өзі ұсынған азамат кемі бір жыл мемлекеттік қызметте немесе екі жыл жеке кәсіпорында жетекшілік жұмыс істеуі тиіс. Яғни, ешбір жерде ресми жұмыс істемеген, бірақ ауылының мәселесін жақсы білетін азаматтар сайлауға түсе алмайды. Айтылған талаптарға сай, өзін-өзі ұсынған азамат сайлауға дейін ауыл халқының кемі бір пайызының қолын жинауы керек. Ондай болмаған жағдайда сайлауға қатыса алмайды.

Сонымен бірге үкіметтен қаржы алып отырған қызметкерлер, яғни ауылдың мұғалімдері немесе мектеп директорлары, әскерилер мен полицейлер сайлауға түспейді. Заң жобасына сәйкес, ауылын бес саусақтай білетін, іскер бұрынғы мектептің немесе мәдениет үйінің директорлары да сайлауға қатыспайды.

Заң бойынша ауданның әкімі де кандидат ұсына алмайды. Сайлау науқаны қырық күнге созылады. Оның 8 күні үгіт-насихат жұмыстарына беріліп отыр.

Биылғы 836 әкімді сайлау үшін ел бюджетінен 4,8 миллард теңге бөлінген. Ал аудан мен облыстың әкімдерін халық 2024 жылы сайлайды. Қазіргі заңнама бойынша облыстың әкімдерін мемлекет басшысы, ал ауданның әкімін облыс әкімі президент әкімшілігінің құптауымен тағайындайды. Енді билік кезең-кезеңмен, 2025 жылға дейін барлық дәрежедегі әкімді халықтың өзі сайлап алуына көшірмек.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.