arasha.kz

Сайрагүл Сауытбайға азаматтық берілуін сұраған хат президентке жолданбақ

Бір топ белсенді президенттен Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтті деп айыпталған, қытайда қысым көргенін мәлімдеген ұлты қазақ Қытай азаматы Сайрагүл Сауытбайға Қазақстан азаматтығын беруді сұрап, хат жолдады. Бұл туралы Азаматтық белсенді Мұхтар Тайжан өзінің фейсбук парақшасына жариялады.

Мұхтар Тайжан фейсбук парақшасы арқылы елді өздерін қолдауға шақырған. Сайрагүл Сауытбайға Қазақстан азаматтығы берілуін сұраған өтініш хатта: «Биыл көктемде Қытай елінде тұратын қандас бауырымыз – Сайрагүл Сауытбай қызымыз Қытайдан қашып, бозторғайдай шырылдап келіп ата жұртын паналады. Сайрагүл қызымыздың бауыр еті балапандарына, Құдай қосқан жарына, ата жұртына деген сағынышына Қытайдың қорғаны да тосқауыл бола алмады. Біздің сотымыз қызымызды Қытайға қайта жетектетіп жібермей, алты айға болса да, арашалап алып қалды. Бұл жаңалыққа жер бетіндегі барша қазақ қуанды. Жақында соттың 6 ай мерзімі де өтеді, содан соң, қызымыз Қытайға «өлімге» кетеді. Сайрагүл қызымыз Қазақстаннан босқын мәртебесін беруді сұрады, бірақ, құзырлы орындар Сайрагүлдің өтінішін орындамай тастады. Өз қызымыз «мені қорғайтын «қазақ» деген халқым бар, мен паналайтын кең байтақ қасиетті жерім бар, араша болатын Елбасым бар» деп келген қаршадай қызға пана бола алмасақ, елдігімізге мін, азаматтығымызға сын, сүйегімізге таңба емес пе?!» -деп жазылған.

 

Естеріңізге салсақ, үстіміздегі жылы тамыз айында Алматы облысының Панфилов аудандық соты «шекараны заңсыз кесіп өтті» деп айыпталған ұлты қазақ Қытай азаматы Сайрагүл Сауытбайды алты ай бас бостандығынан айыруға, бірақ оны шартты жазаға алмастыруға үкім еткен болатын. Сөйтіп сот оны Қытайға депортацияламай, Қазақстанда қалдырған. Алайда жергілікті комиссия оның «қуғынға ұшырағаны дәлелденбеді» деп, босқын мәртебесін бермеді.

Сайрагүл Сауытбай сот отырысында өзіне Қытайда саяси қысым жасалғандықтан шекарадан заңсыз өтуге мәжбүр болғандығын мәлімдеген. Сондай-ақ Қытайда ол құпия саналатын «саяси үйрену орталықтарында» жұмыс істегенін, «мемлекет құпиясын әшкерелемеу» туралы қолхат бергенін айтқан. С. Сауытбай Қытайға қайтарылса, ол елде өзіне өлім жазасы кесілуі мүмкін екенін, Қазақстанда қандай жазаға да келісетінін мәлімдеген.

arasha.kz

Exit mobile version