Алматы облыстық полиция департаментінің көші-қон басқармасы Қытайда “қысым көрдім” деп мәлімдеп, шекараны заңсыз кесіп өткені үшін сотқа тартылған этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайға берілген «пана іздеуші тұлға» куәлігінің мерзімін тағы үш айға ұзартты.
28 қаңтар күні облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының өкілі Елмұрат Нұрсейітов табыстады. Оның сөзінше, 25 қаңтарда мерзімі аяқталған куәлік 25 сәуірге дейін ұзартылды.
Сайрагүл Сауытбай куәлік мерзімін ұзартуда қиындық болмағанын айтты.
Былтыр тамыз айында Алматы облысының Панфилов аудандық соты «шекараны заңсыз кесіп өтті» деп айыпталған Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайды алты ай бас бостандығынан айыруға, бірақ оны «жазасын жеңілдететін ерекше жағдайына» байланысты шартты жазаға алмастыруға үкім еткен. Осылайша сот Сайрагүл Сауытбайды Қытайға депортацияламай, Қазақстанда қалдырған. Бұдан кейін оған Қазақстан билігі үш ай мерзімге «пана іздеуші тұлға» куәлігін беріп, былтыр қазан айында оның мерзімін тағы үш айға ұзартқан.
Былтыр қазанның 4-і күні Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында көші-қон комитетінің жанынан құрылған комиссия Сайрагүл Сауытбайдың өзіне босқын мәртебесін беруді сұраған өтінішін қарап, оны қанағаттандырудан бас тартқан.
Сайрагүл Сауытбай сотта өзіне Қытайда «саяси қысым жасалғандықтан шекарадан заңсыз өтуден өзге жол қалмағанын» мәлімдеген. Сауытбайдың сөзінше, ол Қытайда құпия саналатын «саяси үйрену орталықтарында» жұмыс істеген, «мемлекет құпиясын әшкерелемеу» туралы қолхат берген. Сайрагүл Сауытбай Қытайға қайтарылса, ол елде өзіне өлім жазасы кесілуі мүмкін екенін, Қазақстанда қандай жазаға да келісетінін мәлімдеген.