Өткен аптада Сауд Арабиясының билігі Хашоггиді корольдіктің Стамбулдағы консулдығында кеңседен қашып шықпақ болған сәтте «қылқындырып өлтіргенін» мойындаған. Хашогги 2 қазанда консулдыққа құжаттарын рәсімдеу үшін кіріп, қайта шықпаған.
Сауд Арабиясы билігі бұл іске қатысы бар деп 18 адамды тұтқындады және Хашоггидің туыстарына көңіл айтты. Тақ мұрагерінің жоғары шенді бес кеңесшісі қызметтерінен босатылды.
Қазанның 24-і күні Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман Эр-Риядта өткен инвестициялық конференцияда журналистің өлімін «жантүршігерлік қылмыс» деп атаған.
«Сауд Арабиясы нәтиже шығару үшін барлық қажетті ережені орындайды және оқиғаны тергеуге шындап кіріседі. Жантүршігерлік қылмысқа кінәлілерді жауапқа тартудың барлық шарасын жасайды. Олар сотқа беріледі» деген тақ мұрагері.
Дегенмен, Түркия билігі Сауд Арабиясының Жамал Хашоггидің «абайсызда өлгені» туралы мәлімдемесіне сенбейтінін мәлімдеген. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 23 қазанда Сауд Арабиясының билігі Хашоггиді қасақана және алдын ала жоспарлап өлтіргенін, ал оның мәйіті Түркиядағы қылмысқа қатысы бар адамның қолында болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Ердоғанның сөзінше, журналисті өлтіруге алдын ала дайындалған арнайы екі топ қатысқан.
АҚШ Хашоггидің өліміне байланысты «Магнитский заңы» аясында Сауд Арабиясына қарсы санкция салуды қарастырып жатыр. Еуропа Одағы елдері де журналист өлімін тексеруді талап етті.