ABAI.KZ: Бұл – Саягүл Нұрболатқызы деген қаршадай ғана қарындасым. Қандасым. Қытайдың Шыңжаң өлкесінің Құлжа қаласына қарасты ауылда туған. 2014 жылы шілдеде шешесі екеуі елге оралған. Тұрып жатқан үйлері сатылмаған соң, әкесі мен сіңілісі Қытайда қалып қойған. Кейін олар 2016 жылы Қазақстанға біржолата көшіп келген. Сіңілісін жыл басында мектепке кіргізу үшін, Қытайдағы үйінің ақшасын алмастан, елге келген. Сөйтіп, әкелері 2017 жылдың ақпанында Қытайға қайтып барып, ақшасын алмақ болғанда полиция ұстап алып, құжаттарын алған. Ал өздері Астанаға келіп, пәтер жалдап тұрады. Саягүл 2017 жылы сәуір айында Қазақстанның азаматтығын алыпты.
Саягүл сіздерден көмек сұрайды. Бізден көмек сұрайды. Әкесінің Қытайда қамауда жатқанын айтып араша тілеген бейне жазбасы әлеуметтік желіде жүр.
Біз Саягүлдің өзімен хабарласып, мән-жайды сұрап білдік. Өзінің айтуынша, күні кеше ғана әкесіне қатысты барлық болған жайды баяндап, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне арыз-хат жазып тапсырыпты. Ол жақтағылар: «Әкеңіз Қытай азаматы екен. Қиындау болады. Дүйсенбі хабарласып, білсеңіздер болады. Біз қолымыздан келген көмекті береміз» деп жауап қатыпты.
Одан кейін дәл осы арызының қытайша нұсқасын Астанадағы Қытай консулдығына да апарып тапсырған екен. Ол жақтағылар: «Сіздің арызды тиісті органдарға жеткіземіз. Бірақ, ол жақтағылардың жұмысы көп. Біраз уақыт күтесіздер» депті. Саягүлдің үндеуі міне: