Жазасын өтеп шыққан Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметовтың лауазымды қызметке орналасуға әзір құқы жоқ. Ол пробация қызметімен бақылауда. Бұл туралы ІІМ ҚАЖК баспасөз қызметі хабарлады.
«2021 жылғы 1 қыркүйекте Серік Ахметов сотталу мерзімін өтеуіне байланысты жазаның негізгі түрі бойынша пробация есебінен шығарылды. Қазіргі уақытта белгілі бір лауазымдарды атқаруға тыйым салу түріндегі қосымша жаза бойынша Қазыбек би ауданының пробация қызметінде есепте тұр», – деді ведомствоның баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, еліміздің бұрынғы премьер- министрі 2015 жылы «бюджет қаржысын жымқыру», «лауазымын асыра пайдалану», «кәсіпкерлікке заңсыз араласу» баптарымен айыпталып сегіз жылға бас бостандығынан айырылған еді. Сот оның мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметпен айналысуына бес жылға тыйым салды.
Екі жылдан кейін Серік Ахметов рақымшылыққа ілігіп, жазасын өтеу мерзімі алдымен төрт жылға азайтылып, кейін «бостандығын шектеуге» ауыстырылды.