Өтіп бара жатқан 2019 жыл елімізде түрлі оқиғаларға толы, көпшіліктің есінде сақталатындай, тіпті тарихи жыл болды деуге болады. Еліміздегі ең басты жаңалықтардың бірі – Қазақстанды отыз жылға жуық уақыт басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетіп, оның орнына саясаткер, дипломат Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттіке келуі болды. Президенттік сайлаудың өзі бұрынғы сайлаулардан өзгеше өтті. Сайлау туралы әңгіме қозғамас бұрын, алдымен жыл басында қандай оқиғалар болды, соны еске түсірейік.
Биыл браконьерлер қолынан үш қорықшы қаза тапты
Жыл басталғаннан, елді дүрліктіретін оқиғалар көп болды. Қаңтарда Ауылшаруашылығы министрлігі Қарағанды облысының Нұра ауданында «Охотзоопром» республикалық мекемесі инспекторы Ерлан Нұрғалиевтің «браконьерлер шабуылынан қаза тапқанын хабарлады. Министрлік баспасөз қызметінің хабарлауынша, инспектор Нұра ауданында «киіктер мен сирек кездесетін жануарларды қорғау шарасы кезінде браконьерлер қолынан ауыр жараланған». Инспектор аурухананың жансақтау бөлімінде бір күннен астам комада жатып,15 қаңтар күні таңертең қайтыс болды.
Жазда, 23 шілдеде Ақмола облысында киіктерді атқан браконьерлер екі инспекторға шабуыл жасап, біреуі жазым болып, екіншісі жараланған. Қайтыс болған Қаныш Нұртазиновтың артында төрт баласы қалды. Аталған фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 99 бабы, 1 тармағы бойынша сот алды тергеу амалдары басталды.
Қазан айында да дәл осындай жағдай болды. 25 қазанда түнгі сағат 02:00 шамасында Қызылорда облысы Жалағаш ауданының аумағында рейдтік шара жүргізу кезінде, браконьерлерді қуу нәтижесінде «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның инспекторы қайтыс болды. Көліктің аударылу себебінен жазатайым оқиға болды.
Браконьерлермен күрес мәселесі биыл үкіметте де, президент жолдауында да айтылды.
Бес баланың қазасы, аналардың наразылығы мен 21 мың теңгенің жыры
Ақпан айы елге ауыр тиді. 4 ақпанға қараған түні қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі Көктал-1 ықшам ауданында бір үйдің бес бірдей бүлдіршін қыздары отқа өртеніп қайтыс болды. Оқиғадан кейін астананың сол кездегі әкімі Бақыт Сұлтанов шұғыл жиын өткізіп, төтенше жағдайлар депортаменті өкілдері, аудан әкімі мен полиция қызметкерлері қалада өрт қауіпсіздігін тексеруге кірісті.
Анықталғандай оқиға кезінде қыздардың анасы түнгі ауысымдағы жұмысқа кеткен, ал көлік жөндеуші-механик болып істейтін әкелерін жұмысқа шұғыл шақырып алғандықтан балалар үйде қараусыз болған. Олар бір үйдің ауласындағы шағын «времянканы» жалдап тұратын, бастарында екі кредиті бар отбасы екен. Алайда жеке баспанасы жоқ, кредиті бар көп балалы отбасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице министрі болған Светлана Жақыпова тұрмысы төмен отбасы емес деп бағалаған. Ал Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко өртке времянканы салған құрылысшылар кінәлі деген еді.
Қайғылы жағдайдан кейін бұрынғы премер-министр Бақытжан Сағынтаев бір шенеунікті жұмысынан босатып, бірнеше шендіге сөгіс жариялаған болатын.
Осы қайғылы оқиғадан кейін, елде көп балалы аналар өздерінің шағымдарын айтып, наразылық акцияларын өткізе бастады. Олар көп балалы отбасылардың жәрдемақысын көбейту, жеңілдікпен баспана беру және тағы да басқа әлеуметтік мәселелерінің шешілуін талап етіп, шенеуніктердің алдына барды, президентті өздерімен кездесуге шақырды, алаңға шықты. Алайда президент көп балалы аналармен кездесуді жөн деп таппады.
Биылғы жылы аналар наразылық шеруіне жиі шықты. Аналар митинг өткізген кезде оларды полиция үнемі қоршап тұратын. Олардың арасындағы белсендірердің кейбірі ұсталып, жауапқа тартылды. Алматының Алмалы аудандық соты Жазира Демеуованы, Гүлзипа Жаукерова мен Оксана Шевчукты, сондай-ақ, азаматтық белсенді Әнуар Әшіралиевті «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) тыйым салынған ұйымына қатысы бар деп танып, бір жылға бас бостандықтарын шектеді. Олардың барлығы сот залынан ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды.
Бес баланың қазасынан кейін көтерілген аналардың үні билікке жете бастады. Ақпанның соңына қарай Астанада “Нұр Отан” партиясының XVIII съезі өтіп, онда бұрынғы президент Н.Назарбаев көп балалы отбасылардағы әр балаға 21 мың теңгеден жәрдемақы беруді тапсырды. Алайда бұл мәселе үлкен дауға айналды. Аталған жәрдемақыға құжат тапсырған көп балалы отбасылардың үйіндегі тауығына дейін кіріс көзіне есептеліп, жәрдемақы беруден шектей бастады. Бұл аналардың ызасын одан сайын арттырды. Сосын, жәрдемақыны беру ережесіне өзгерістер енгізді.
Назарбаевтың отставкаға кетуі мен Елбасының атына қала, көше аттарын беру
Ал наурыз айы елді отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назрбаевтың мерзімінен бұрын өкілеттігін тоқтатып, отставкаға кетуімен есте қалды. Айта кетейік, Назарбаевпен бірге үкімет те отставкаға кеткен еді, қызметінен босатылған шенділер басқа лауазымды орындарға жайғасты.
19 наурызда Назарбаев мәлімдеме жасап, өзінің орнына уақытша президент ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевті қойған еді. Ал Назарбаевтың өзі ҚР тұңғыш президенті, Елбасы, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің мәңгілік төрағасы лауазымдарында қалды. Тоқаев мырза болса президенттік қызметті қолына ала салысымен елдің бас қаласы Астананы Нұр-Сұлтан деп ауыстырып, мемлекетіміздің ірі қалаларындағы негізгі көшелерге Н. Назарбаевтың есімін беруді ұсынды. Сөйтіп, елдегі облыс орталықтары мен ірі қалалардағы негізгі көшелер елбасының атына берілді. Бұл өзгерістерге қарсы республикамыздағы әр қалада митингілер мен наразылық акциялары өтті.
Жаңадан «Оян Қазақстан», «Республика» саяси қозғалыстары құрылып, белсенділік таныта бастады. Саяси белсенді жаңа тұлғалар пайда болды. Әлеуметтік желідерде саяси роликтер тарады.
5 мамыр күні Алматыда өткен марафон кезінде қала жастары Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбеков «Шындықтан қашып құтылмайсың» деген жазуы бар плакат ұстап, жол жиегінде тұрған. Оларды «марафонның өтуіне кедергі келтірді» деп, полиция тұтқындап, он бес тәуілкке қамаған еді. Айыпталушы Әсия Төлесова Алаш арыстары Ілияс Жансүгіров пен Ораз Жандосовтың шөбересі.
Президенттік сайлау мен митингілер
Маусым айы саяси оқиғаларға толы өтті. 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев 70,76% яғни 6,5 миллион қазақстандықтың дауысын жинап, жеңіске жетті. Ал оның басты оппоненті «Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан сайлауға түскен Әміржан Қосанов 16,2%, яғни 1,4 миллион сайлаушының дауысын жинады.
О баста Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау әділ өтеді деп уәде берген еді, бірақ сайлаудың әділ өтпегеніне шағымданғандар көп болды.
Осы сайлауда бақылаушылар белсенділік танытты. Әлеуметтік желілерде сайлау кезінде заң бұзушылықтарды әшкерелеген бақылаушылардың бейнежазбалары көптеп тарады.
Сайлау кезінде әсіресе кандидат Қосанов ерекше дауға қалды. Ол сайлау қорытындысы шықпай жатып, Exit poll мәліметіне сүйеніп-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттік сайлауда жеңіске жеткенімен құттықтап қойды.
Әміржан Қосановтың бұл әрекеті сайлаушылар мен бақылаушылардың көбінің ызасын тудырды. Әлеуметтік желілерде Қосановты балағаттаған жазбалар көбейді.
Сайлау өткеннен кейін Әміржан Қосанов ауруханаға түсіп, біраз уақыт ем қабылдауына тура келді. Мұны өзі сайлауға дейін және сайлау кезіндегі қарбаластан шаршағаннан деп түсіндірді.
Президенттік сайлау кезінде елдің түкпір-түкпірінде наразылық шаралары өтіп жатқанын да айта кету керек. Ішкі Істер министрінің берген мәліметтері бойынша 9,10,11,12 және 13 маусым күндері өткен рұқсат етілмеген митингіде 4 мыңға жуық азамат ұсталды.
Осыдан кейін, Қазақстанның жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетел баспасөзіне берген сұхбатында елде митингіге шығуға рұқсат беретін заң қабылданатынын айтқан.
Содан кейін, 30 маусымда Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында ұзақ уақыттан бері алғаш рет митинг өткізуге рұқсат берілді. Дәл осы күні оппазиция өкілдері митингіге шыққан кезде, «Нұр отан» партиясы да митинг өткізіп, депутаттар мен партия өкілдері наразылық шараларына қатысты. Онда қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы «еркектерді әйелдеріне ие болуға» шақырды.
Шілде айы да митингісіз өтпеді. 6 шілдедегі Алматы мен Нұр-Сұлтандағы наразылық шарасында 100-ден аса адам ұсталды деп мәлімдеді Ішкі Істер Министрлігі.
Арыстағы жарылыс
Өкінішке қарай маусым айы елде тағы бір елеулі оқиғамен есте қалды. 24 маусымда Түркістан облысы Арыс қаласында айдың-күннің аманында оқ-дәрі сақталған қоймада снарядтар жарылып, тұтас бір қала зеңбіректің астында қалды. Дүмпу басталғанда арыстықтар Шымкент қаласы мен жақын маңайдағы елдімекендерге қашты. Оларды ас-су мен киім-кешекпен ерікті халық пен әкімдіктер қамтамасыз етті. Жарылыс бірнеше күнге созылып, қаза тапқан адамдар мен жарақат алғандар болды. Балалар ата-аналарынан ажырап қалып, еріктілердің көмегімен табысты.
Төтенше жағдай кезінде президент Тоқаев арыстықтарға барып, жұбату сөз айтты. Құрылыс компаниялары қалаға барып, бұзылған үйлерді қалпына келтіруге ат салысты.
Арысты оқ-дәріден тазартып, қауіпсіздендіру үшін әскерлерге бірнеше күн қажет болды.
Президенттің жолдауы, алғашқы іссапарлар мен Қытай экспансиясы
2 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдау жасады. Жолдауда ол Қазақстан жері шетелдіктерге сатылмайтынын, бейбіт жиындар қала шетінде өтпеуі керектігін, тағы да басқа мәселелерді көтерді.
Сондай-ақ қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев президент ретіндегі өзінің алғашқы іс сапарын жасады. Президенттің сапары Қытай Халық Республикасынан басталды. Қытайда ол сол елдің түрмесінде отырған отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесін көтерді. Сонымен қатар ол Қазақстан Қытай компанияларымен бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі екенін айтты. Осы уақытта Жаңаөзен және тағы бірнеше қалада Қытайдың Қазақстанда салынатын 55 зауытына, Қытай экспансиясына қарсы акциялар өтті. Акцияға шығушылар президент Тоқаевты Қытайға сапарға барудан баст тартуға шақырған. Алайда, олардың талабы орындалмады.
Әжетханадағы жан түршігердік оқиға және қоғамдық дәретхана мәселесі
Үстіміздегі жылдың қарашасында тағы бір жан түршігерлік оқиға болды. Тараз қаласындағы орта мектептердің бірінде сабақ кезінде 7 сынып оқушысына мектеп әжетханасында азғындық жасалды. Күдікті екі сағаттан кейін қолға түсті. Ол бұған дейін де зорлық үшін істі болып, төрт жыл жазамен түрмеде отырып шыққаны анықталды. Осы оқиғадан кейін Тараз қаласының әкімі, мектеп басшылығы мен жауапты қызметкерлер орнынан кетті.
Қазақстанда педофилия, адам зорлау мәселесі бұрыннан жиі көтеріліп, шешімін таппай келе жатқан түйіткілді мәселе. Егер статистикаға жүгінер болсақ, қыркүйек айындағы Ішкі Істер Министрлігінің мәліметтері бойынша биыл жыл басынан бері елде кәмілет жасына толмаған балаларға жасалған қылмыс саны 589 екен. Жалпы саны 1350 педофил, 2831 зорлықшы тіркеуде тұр.
Қыркүйектегі Үкімет отырысында премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смаилов Жеке тұлғаға қатысты ауыр қылмысты жазалауды қатаңдату бойынша 6 заң жобасын қабылдау жоспарланғанын айтқан болатын. Олар – сексуалды зорлық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге тұрмыстық зорлық-зомбылық, браконьерлік, әкімшілік заң бойынша азаматтардың құқықтық қауіпсіздігіне кепілдікті арттыру бойынша антикоррупциялық шаралар енгізу.
Тараздағы оқиғадан кейін елдегі кей мектептерде мұғалімдерге әжетхана күзету міндеттеле бастаған. Түркістан қаласындағы №15 мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімін полиция жұмыс орнынан күштеп алып кетіп, мектеп әжетханасын күзету кезекшілігінде орнында болмағаны үшін 12 мың теңге айыппұл салған. Бұл жағдай Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке жетіп, ол мұғалімге жақтасып, мұғалімге айыппұл салған полиция кешірім сұраған.
Ал желтоқсан айында Алматыда автоматтандырылған, жаңа үлгідегі әжетханалардың эскизі ұсынылды. Мұндай әжетханалар қозғалмалы, іргетасы жоқ болады. Тіпті дәретхананын тазалығын бақылайтын автоматтандырылған жүйе де орнатылатын көрінеді. Бұл әжетханалар 23 миллион теңге тұрады.
Бұдан бұрын Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жол бойындағы әжетханалар мәселесі елге туристердің келуіне кедергі келтіретінін айтқан еді.
Қытайдан қашқан қазақтар
Биыл елімізге Қытайдан заңсыз шекара бұзып екі рет этникалық қазақтар қашып келді. Үстіміздегі жылдың қазан айында екі қазақтың Қытайдан қашып келгені мәлім болып, оларды ҰҚК тергеу алып, артынша қамаған. Қазір олар Шығыс Қазақстан облысында қамауда. Енді міне желтоқсанда қытайдан Бағашар Мәлік есімді тағы бір қазақ қашып, пана іздеп келді. Алдыңғы жылы Қытайдан қашып келген Сайрагүл Сауытбай Швециядан саяси баспана алып, сол жаққа қоныс аударып кеткен.
2019 жыл осындай оқиғалармен тарих қойнауына еніп барады.
Арнайы arasha.kz үшін – Балжан Жеңісқызы