01-11-18 |
2560 рет қаралған
Шымкент соты көші-қон полициясы экс-басшысының жазасын жеңілдетті.
Шымкент қалалық соты Түркістан облыстық көші-қон полициясының бұрынғы басшысы, «пара алды» деген айыппен сотталған Нұрдәулет Төлегенұлының жазасын жеңілдетті. Қалалық сот баспасөз қызметінің Азаттыққа хабарлауынша, сот Төлегенұлына бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, қалалық сот Нұрдәулет Төлегенұлының бұған дейін аудандық соты шығарған үкімге берген шағымын қарап, оған Қылмыстық кодекстің 367-бабы («Пара беру») бабы бойынша тағылған айыпты алды. Ол Қылмыстық кодекстің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша ғана айыпты деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Шілденің 17-сі күні Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты Нұрдәулет Төлегенұлын жеті жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Нұрдәулет Төлегенұлы «алаяқтық жасады және пара алды»  деп айыпталған еді. Ол өмір бойы құқық қорғау органдарында, ұлттық банкте, ұлттық компанияларда және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан және полковник шенінен айырылған.

Нұрдәулет Төлегенұлы сәуірдің 10-ы күні «Ауғанстанның төрт азаматына Қазақстан азаматтығын алуға көмек көрсеткені үшін пара алу кезінде» ұсталғаны xабарланған. Күдіктіні облыстық полиция департаменті жеке қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің жедел тергеу тобы ұстаған.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.