«Керчь бұғазындағы жанжал аймақтағы тұрақтылыққа кері әсер етеді. Қазақстан сондықтан Ресейдің туындаған жағдайды БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде талқылау ұсынысына дауыс берді. Бұл – мемлекетіміздің Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі ретінде халықаралық қауіпсіздік мәселелерін қандай тақырыппен болса да талқылауға ашық екенін көрсетеді» деді Смадияров.
Оның сөзінше, Қазақстан Украина ұсынған күн тәртібіндегі талқылауды да қолдап дауыс берген. «Ақырында, «Украина тұрақты өкілінің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі төрағасының атына жазған хаты» деген пунктпен талқылау болды» деді баспасөз хатшысы.
26 қарашада БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ресейдің Керчь бұғазындағы жағдайды «Украина әскери-теңіз күштерінің Ресей шекарасын бұзғаны» тұрғысынан талқылау ұсынысын қолдамаған. Ресейдің ұсынысын Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі Қытай мен уақытша мүшелері Қазақстан және Боливия ғана қолдап дауыс берген.
25 қараша күні таңертең Керчь бұғазында Ресей әскерилері украин кемелерін атқылап, ұстап әкеткен. Бірнеше әскери жараланған. Ресей украин кемелерін территориясына «заңсыз кірді» деп айыптаса, Украина кемелердің бұл аумақтан өтетіні «алдын-ала ескертілгенін» айтып, Ресей әрекетін «бассыздық» деп атаған.
Украина парламенті жанжалға байланысты 28 қарашадан бастап елдің бірқатар аймағында 30 күнге әскери жағдай жариялауды мақұлдады.
Батыс елдерінің басшылары Ресейді айыптап, украиналық теңізшілер мен кемелерді босатуға шақырды. Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Туск Ресейдің күш қолданғанын айыптап, Еуропа Одағының Украинаны қолдайтынын мәлімдеді.
Қазақстан БҰҰ-да Украина шығысындағы ресейшіл сепаратистер бақылайтын аймақтарға және Ресей аннексиялап алған Қырым түбегіндегі жағдайға қатысты қарарларға қарсы дауыс беріп, Ресейді қолдап келеді.
Оқи отырыңыз: Қазақстан Қырым резолюциясы жобасына қарсы дауыс берді
Халықаралық ұйымдар Қырым аннексиясын заңсыз деп танып, Ресей әрекетін айыптайды. Батыс елдері Ресейге осыған байланысты санкция салды. Ресей түбекті жаулап алғанын жоққа шығарады және «тарихи әділдік орнады» деп санайды.