arasha.kz

СІМ: Қытайдан шығуға рұқсат алған кейбір қазақта қос азаматтық болған

Қытай билігі Қазақстанға өтуге рұқсат берген 2 мың 500 этникалық қазақтың кейбірінде ғана қос азаматтығы бар. Бұл туралы Азаттыққа Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.

– Қытай билігінің Қазақстан үкіметімен жасасқан келісіміне сай, жыл басынан бері екі жарым мың этникалық қазақтың Қытай азаматтығынан жеңілдетілген тәртіппен шығуға құжат жасатқанын бұған дейін айтқанбыз. Олардың барлығында бірдей қос азаматтық бар деп айтуға болмайды. Кейбірі Қытай азаматтығынан шықпай, ықтиярхатпен келіп, Қазақстаннан жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алған. Тексере келгенде, олардың Қытай азаматтығымен де жүре бергені анықталды, – деді Айбек Смадияров.

Бұған дейін жергілікті ақпарат агенттіктері СІМ-ге сілтеме жасап, Қытай жағы екі мыңнан астам этникалық қазақтың Қазақстанға өтуіне рұқсат бергенін және оларда екі елдің де азаматтығы барын хабарлаған еді. 

Айбек Смадияровтың сөзінше, екі жарым мың этникалық қазақтың қаншасы Қазақстанға келгені туралы ақпарат жоқ. 

Бұған дейін 26 қараша күні Айбек Смадияров «қос азаматтығы бар» деген күдікті 14 адам Қытайдан қайта алмай отыр деген еді. Ол жыл басынан бері Қытайдағы қысымға қатысты 915 адам шағымданғанын, 29 қазақстандықтың Қытай билігі тарапынан қос азаматтықты пайдаланды деген күдікке ілініп, қамауға түскенін, оның 15-і Қазақстан билігі араша түскен соң босап шыққанын хабарлаған.

Қытайдағы этникалық қазақтардың жаппай қысым көріп жатқаны туралы мәлімет қазақстандық ақпарат құралдарында 2017 жылдың сәуір айынан бастап жариялана бастады. Кейін Қытайдағы аз ұлттардың қысымға ұшырағаны туралы халықаралық ұйымдар жиі-жиі мәлімдеме жасады. Ал Қытай үкіметі «бұл экстремизмге қарсы шара» деп мәлімдеген және «қамалғандар тіл үйреніп, кәсіп меңгеріп шығатынын» айтқан.

Azattyq.org

Exit mobile version