23-08-20 |
1300 рет қаралған
Сириядан оралғандардың жағдайы қалай?.
Сириядан оралғандардың жағдайы қалай?

Жусан» операциясы ел ішінде көп талқыланды. Адасқан жандарды елге əкелу идеясын біреулер құптаса, біреулер қарсы болды. Көпшілігі «санасы уланған жандар айналысына залалын тигізеді» деп қауіптенді. Алайда, мемлекетіміз өз азаматтарының өміріне бейжай қарамайтынын дəлелдеді.

«Жусан» операциясымен отанымызға оралған жандардың бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Олар көпшілік күткендей өз қатесін түсіне алды ма? Осы сауалдарға “Аңсар” ақпараттық-талдау орталығы басшысының орынбасары, теолог Төлеген Талдыбаев (суретте) жауап берген еді.

– Төлеген Өмірзақұлы, «Жусан» операциясының маңызы қандай? Елге оралған азаматтар ортаға бейімделе алып жатыр ма?

– Сириядағы жағдайдың өзі азаматтарға қате қадам жасағанын ұғындырса керек. Дегенмен, олардың елге қайтуға ниет білдіруінің өзі қатесін түсінгенін көрсетеді. «Жусан» операциясы басталғанда қаракөздеріміз іріктеліп жеткізілді. Оның басым бөлігі шет елге барып, ұрыстарға қатысқаны үшін еліміздің

Қылмыстық заңнамасына сай жазасын алды. Елге келгендердің арасында ақтөбелік азаматтар да бар. Қалай болғанлда да біздің еліміздегі діни қақтығыстардың басы осы өңірден басталғаны кім-кімге де белгілі. Операцияның игілігін пайдаланып ақтөбелік 10 əйел Сириядан жеткізілген болатын. Əрқайсының жетегінде кемінде екіден баласы бар. Барлығы күйеуінің сөзіне еріп шекара асқан. Дінге деген соқыр сенім өзінің ғана емес, балаларының қауіпсіздігін қаперден шығарып отыр ғой.

Басында жат елдегі жағдай бəріне қызық көрінген. Алайда, Ресей мен Америка Сирияға əскерін кіргізгеннен кейін қақтығыс асқына түскен. Бейбіт күнде өмір сүрген азаматтар бомбаның астында қалған. Ер-азаматтардың көпшілігі көз жұмған.

Азаматына арқа сүйеген əйелдердің балаларын жетектеп күрдтер отырған аймаққа келіп, көмек сұраудан басқа амалы қалмаған. Мұндай қиын сəтте мемлекетіміздің Орта Азия елдерінің ішінде бірінші болып өз азаматтарына көмектескенін, соғыс алаңынан алып шыққанын мақтанышпен айтуға болады.

– Елге оралған ақтөбеліктердің қазіргі жағдайы қалай?

– «Жусан» операциясымен келгендерді күтіп алып, ең алдымен медицииналық, психологиялық, кейін теологиялық көмек көрсеттік. Қазіргі таңда “Жусан” операциясымен келген 10 əйел, Сириядан өз еркімен келген 1 əйел (барлығы 11 əйел) Ақтөбе облысында тұрады. Оның ішінде 2 əйел Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қаласында. Бүгінгі күні 11 азаматшаның 4-уі тұрақты жұмыспен қамтылған, 6-уы бала күтіміне байланысты үйлерінде, 1-уі жұмыссыз.

Басқарма тарапынан елге оралған əйелдер мен балаларын оңалту жұмыстары (психологиялық, теологиялық) тұрақты түрде жүргізілуде. Қақтығыс аймақтарынан келген азаматшаларға тұрақты түрде əлеуметтік, қаржылау қолдау көрсетіліп отырады. Жыл басынан бері 890 мың теңгеге азық-түлік жəне қаржылай қайырымдылық көмек көрсетілдіАлғашқы кездегі жағдайлары мен қазіргі жағдайын салыстыру мүмкін емес. Көп өзгерген. Жарық жоқ, қарапайым жағдай жасалмаған ортада өмір сүрген адамдарға ең алдымен психологиялық қолдау керек болды.

Аштық шаршатқан, арып-ашқан, жадау жүзді балалардың санасын үрей, қорқыныш билеген. Басында қатты дыбыстан қорқатын. Көз алдарында балалары өлген əйелдер үлкен қолдауға зəру еді. Сондықтан психологтар тұрақты жұмыс жүргізіп, əйелдер мен балалардың қорқынышын сейілтуге, жаңа өмірге бейімдеуге барынша атсалысты. Содан кейін балаларды құжаттандыру жұмыстары қолға алынды.

Өйткені, үлкендердің өзінің құжаттарын шекара асқан сəтте алып қойған. Ал балалардың мүлде құжаты жоқ. Бары соғыс даласында жоғалған. Құжаттар жасалған соң балалар балабақшаға, мектепке орналастырылды. Көпшілікпен араласу олардың өткен күнді ұмытуына, қатарластарымен бірге дамуына көмектеседі.

Бұдан бөлек, теологиялық жұмысқа айрықша көңіл бөлінеді. Өйткені, 6 жасқа толған балалардың өзі діни уағызға уланып, арнайы əскери дайындықтан өткен. Бүкіл идеология аят пен хадистің төңірегінде болған. Көпшілігінің діни сауаты таяз.

Білімді тек ғаламтордағы сабақтардан, күйеулері мен құрбыларының айтуынан үйренген. Осындай шаласауатты адамдармен жұмыс істеу теологтарға да оңайға соққан жоқ. Дегенмен, кешенді жұмыстардың нəтижесі жаман емес. Елге келгендердің бəрі қоғамға бейімделді. Арасында тұрмысқа шыққандар да бар.

– Сириядан келгендерден көпшіліктің қауіптенгені рас. Мəселен, елге оралған келіншектің бірі тұрмысқа шығып, оның жаңа күйеуінің істі болғаны белгілі. Өгей əкенің 9 жастағы баласына терроризмді насихаттағанын əйелдің білмеуі мүмкін бе? Бұл да санасы уланудың көрінісі секілді көрінеді.

– Бұл іс бəрімізге ой салғаны рас. Дегенмен, келіншектің тұрмысқа шығатыны жəне оның бұрын да істі болғанын біз білдік. Ол жағы келіншекке де ескертілді.

Бірақ, өз ауылына барып сыйыса алмаған, елдің сөзінен жасқанған келіншек бəрін білгенмен, балаларының ертеңі үшін, əрі толыққанды отбасын құру мақсатында азаматпен отасуға келісім берген болатын. Шындығында бүгінгідей нарықтық заманда балалы əйел тұрмақ, жалғызбасты адамның нəпақа тауып, өмір сүруі қиын.

Осы тұрғыдан алғанда келіншектің бір азаматтың етегінен ұстап, пана тұтуын ерсі деуге болмас. Алайда, азаматтың өгей балаларының тəрбиесіне араласып, естиярына терроризмді насихаттауы құқық қорғаушылар назарынан тыс қалмады. Қазір азамат сотталып кетті. Ал бесінші сəбиіне аяғы ауыр əйел енді балаларға мемлекет беретін жəрдемақының көмегімен күн көруге мəжбүр болып отыр.

Бірақ, елге оралғандардың бəрі осындай тағдырдан опық жеп, сəтсіздікке тап болып жатқан жоқ. Барлығы біртіндеп қоғамға бейімделуде. Жұмысқа орналасып, өз күнін көріп жатқандары да бар. Көкөніс егіп, өнімін сатып отырғандар да кездеседі. Кейбірі мамандық игеріп, кəсібін бастап жатыр. Яғни, тірі адам болған соң тіршілігін жасауда.

– Карантин талай саланың жұмысына өзгеріс енгізді. Осындай сын сəтті жат ағымдар өз мүддесіне пайдаланып жатқан жоқ па?

– Індет айтып келмейді. Расында, пандемия барлық саланың тіршілігін өзгертті, жұмыс ырғағына əсер етті. Бірақ, 2010-2012 жылдармен салыстырғанда, қазіргі діни ахуал қалыпты. Бүгінде елдің діни сауатын көтеретін теолог мамандарға тапшылық жоқ. Ғаламторда жат ағымдарды насихаттайтындарға бақылау да барынша қатаң. Сонымен қатар, теріс діни уағыз жасаушыларға қатысты заң қатайды. Əрі діни басқарма, ұйымдар да қол қусырып отырған жоқ. Онлайн режимінде жиындар өткізіп, теріс көзқарастағы азаматтармен түсіндіру жұмыстарын тұрақты қолға алып келеді.

– Ақтөбе түрмелерінде терроризм айыбымен істі болып, жазасын өтеп жатқандар баршылық. Түзеу мекемесінде діни насихат қалай жүргізіледі?Қапаста жатқандардың санасына қозғау салу қиын емес пе?

– “Аңсар” ақпараттық-талдау орталығының қызметкерлері Ақтөбедегі КА-168/2 мекемесінде терроризм бабымен жазасын өтеп жатқан 32 адаммен жұмыс жүргізеді. Жəне тек 32 адаммен шектеліп отырғамыз жоқ. Өйткені, дер кезінде жұмыс жасалмаса осы 32 адамның өзі соңына қаншама жанды ертетіні белгісіз.

Түзеу мекемелері де теологтардың санын көбейтіп, діни орталықтармен белсенді жұмыс жүргізуге мүдделі. Дегенмен, сырттағы адамдармен салыстырғанда жазасын өтеушілердің көзқарасын өзгерту жеңілдеу. Өйткені кез-келген уақытта барасың, кез-келген уақытта алдыра аласың. Онымен сөз таластырып, көзқарасын өзгертесің. Кітап беріп, түсінгенін сұрайсың. Осыдан көріп тұрғанымыздай, діни көзқарастың өзгеруі көңіл-күйге байланысты.

Ж.ЕСМАҒАНБЕТ,

Ақтөбе қаласы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.