15-05-18 |
4680 рет қаралған
Сотталғандар сеніміне ие болған ана.
Сотталғандар сеніміне ие болған ана

Әйел-ананың қазіргі қызметі ауқымды. Бұрын аналар отбасының тыныштығына, ерінің жағдайына, баласының тәрбиесіне ғана жауапты болса, қазіргі аналар отбасы мен қызметті қаймықпастан қатар алып жүр. Біздің мекемеде де ер азаматтармен қатар қызмет етіп жүрген қыз-келіншектер аз емес. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын»- демекші, сыртқа нәзік көрінгенмен, жұмысты қай кезде де алға қойып, міндеттерін абыроймен атқарып, ауыртпашылыққа шыдап, қиындықты көтере білген әйелдерді қалай мақтасақ та жарасады.

Оңтүстік Қазақстан облысы қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ИЧ-167/10 мекемесінің арнайы есепке алу бөлімінің Жанар Сапарбекқызы қай жағынан алсақ та соңынан ерген сіңлі-әріптестеріне үлгі болуға, өнеге етуге әбден лайық жан. Біз кейде гендерлік теңдік ұғымын қысқа шеңберде түсініп, бұл бағдарлама әйелдердің тек құқығын қорғауды жүзеге асырады деп түсінеміз. Шындығында гердерлік теңдік отбасының да берекесін сақтап, қызметте де жақсы қырымен танылған әйелдерді үлгі етуге бағытталған. Осындай рухы мықты жандарды көрсету арқылы басқа қыз-келіншектерге ой салу, жол нұсқау мақсат етіліп отыр.

Ал Жанар Сапарбекқызы заңгер мамандығы бойынша білім алған соң, 2002 жылы ИЧ-167/1 мекемесінің арнайы есепке алу бөлімінің есеп технигі, 2007 жылдан бастап ИЧ-167/10 мекемесінің заңгері, 2015 жылы ИЧ-167/4 мекемесінің арнайы есепке алу тобының аға инспекторы, 2016 жылы қаңтар айынан бастап ИЧ-167/10 мекемесінің арнайы есепке алу бөлімінің бастығы лауазымында қызмет атқаруда. Жоғары ұйымдастырушылық қабілеті мен бастамашыл мінез-құлқы ерекшеленіп тұратын әріптесіміз қандай жұмыс болсын бірден игеріп кететінін ісімен дәлелдеп жүр.

2005 жылы тұрмысқа шыққан Жанат ата-енеге қызмет етіп, әдепті келін атанған. «Отан – отбасынан басталады» демекші Жанар мен Роман бүгінде үш бала тәрбиелеп отырған берекелі отбасы.

Жанар Сапарбекқызы өз ісінің шебері ғана емес, сонымен бірге әріптестеріне үлгі бола алатын мықты маман. Әрқашан өз жұмысына  жауапкершілікпен қарайтын ол ұжымда сыйлы. Жас қызметкерлерге өз білгенін үйретіп, қол ұшын беруге әрқашан дайын тұрады. Оның аналық мейірімге, ізгілікке толы мінезін бәріміз жоғары бағалаймыз. Оның үстіне, түзеу мекемесінде еңбек ету әйелдерге оңай тимейді. Себебі, темір тордың ар жағында отырғандар мінезі әртүрлі, жасаған қылмыстары да жеңіл емес. Жан-дүниелері де әр алуан болатын сотталған азаматтармен тіл табысу қиын. Дегенмен Жанар жазасын өтеп жүрген жандардың жүрегіне жол тапқан адам. Көптің көңілінен шығып, қызметтік міндетін абыроймен атқарған қызметкерге құрметтің кемуі әсте мүмкін емес. Біз оған қызығып та, сүйсініп те қараймыз. Ал мамандар болса, Жанар қызымыздан үлгі, өнеге алып, сондай білімді де білікті маман болуға талпынады.

Л.КАЙНАЗАРОВА,

Оңтүстік Қазақстан облысы

Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне

қарасты ИЧ-167/10 мекемесінің

 арнайы есепке алу бөлімінің инспекторы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.