10-09-18 |
2280 рет қаралған
«Түнгі соттар» тәжірибеде».
«Түнгі соттар» тәжірибеде»

«Түнгі соттардың» тәжірибеге қосылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Бұл жоба халықтың уақытын тиімді жұмсау үшін, заңбұзушылықтарды дер кезінде шешу үшін қолданысқа енгізілген еді. Міне Алматы қаласындағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының жанында жаңа соттың жұмыс жүргізіп келе жатқанына төрт айдың жүзі болды. Жұмысын маусым айында бастаған «Түнгі соттар» халықтың көңілінен шығып отыр ма? Олар өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз атқарып жатыр ма? Жұмыс нәтижелері қалай? Осы сауалдарды Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Бақытжан Тәжіхановқа қойған едік.

Бақытжан Әбсаттарұлы, пилоттық жобаның бүгінгі аяқ алысы, алғашқы нтижелері туралы айтып өтсеңіз.

– Кез келген жаңалық сот жұмысын жандандыру, халыққа жақындату үшін қолданысқа енгізіледі. Соның ішінде «Түнгі сот» жобасы әкімшілік істерді азаматтардың сұранысына сай тез шешу және судьялардың жүктемесін азайтуды мақсат етеді. Жобаға кіріскен алғашқы айда 671 әкімшілік іс қаралды. Және бәрі жедел шешілгендіктен азаматтар да бастамаға ризашылықтарын білдіріп кетті.

Ал енді түнгі соттарда қандай істер қаралады деген сұраққа келейік. Өйткені, біздің сайтымызға сауалдарын жолдаған жандардың көбін осы сауал қызықтыратыны байқалады. Бүгінге дейінгі іс тәжірибесін зерделей келе істердің дені 610-бап бойынша түсетінін айтуға болады. Бұл «Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы» туралы жол-көлік оқиғалары. Яғни, жол ережесін бұзған азамат өз кінәсін мойындап, сақтандырушы компания келтірілген залалды төлеп беруге келісіп тұрған істер түнгі уақытта қаралады. Ал егер жол апатының қатысушысы кінәсін мойындамай, прокурордың, қорғаушының, аудармашының, сарапшының, маманның немесе басқа да мүдделі тұлғалардың араласуы керек болса және қосымша дәлелдерді ұсыну мен зерттеуді қажет еткен жағдайда судья сот отырысының қарауын кейінге қалдырады. Мұндай жағдайда іс жалпы мерзімде қаралатын болады.

жаңа жобаны халық жылы қабылдап жатыр деп қалдыңыз. Ал көңілі толмай жатқандар бар ма?

– Іске бірінші рет қатысқан азаматтардың «Түнгі сот» туралы дәйекті пікір білдіруі мүмкін емес. Олар тек істерді уақытында, көп созылмай, қиындықсыз шешілгеніне қарап өз бағасын беріп жатады. Ал енді жобаның қаншалықты тиімді екенін істерге үнемі қатысып жүретін адвокат, заңгерлер жақсы таразылай алады. Олар түнгі соттың артықшылығын түсініп, оң бағасын беріп отыр. Өйткені, түнгі соттар аты айтып тұрғандай кешкі 18,00-ден бастап жұмыс істейді. Яғни, уақыты жағынан жұмыс істейтін азаматтарға ыңғайлы, әрі шешімді ұзақ күтпей тез шығатындықтан тараптарға өте тиімді. Жұмыстан сұранып әуре болмайды.

Бұрындары жол-көлік апаты мен отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты істер 72 күнге дейін созылып кететін. Ал қазір жол-көлік оқиғалары 4 күнде шешіледі. Оқиға орнынан материал 3 күннің ішінде толтырылып, бізге жетеді. 4-5 күні оны біз қарап тастаймыз. Заң күшіне 10 күн ішінде енеді. Яғни, оқиғаның ізі суымай қаралғаны сот қатысушыларына да, сот жүктемесін азайтуға да тиімді. Осыған байланысты біз Жоғарғы Сотқа егер кінәлі тарап кінәсін мойындап тұрса, сақтандырушы компания ақшасын төлейміз десе, жәбірленуші келіссе, шешім шыққан күні күшіне енсе деп ұсыныс білдірдік. Азаматтар шешім шыққан соң тағы 10 күн күтіп уақыт жоғалтпас еді.

Расында мәселе осылай шешілсе азаматтарға тиімді, сот жүктемесін төмендетуге де ыңғайлы болмай ма?

Жол-көлік оқиғасы орын алып, автомобильге мүліктік зиян келтірілсе ол іс міндетті түрде сотқа жетуі тиіс. Себебі жүргізушінің көлік жүргізу куәлігінен айыруды тек қана судья шеше алады. Тағы бір ұсынысымыз бойынша, егер кінәлі азамат бірінші рет жол ережесін бұзса, басқа адамдарға зияны тимесе онда істі сотқа жеткізбей-ақ жол полиция қызметкері айыппұл жазып оқиға орнында шешсін деген ой білдірдік.

Түнгі соттардың жұмысы қаншаға дейін созылады?

Түнгі сотқа шыққан судьяның ертеңгі жұмыс күні 13.00-де басталады да түнгі 22.00 дейін жалғасады. Яғни түскі үзілістерін есептемегенде, 8 сағат жұмыс тәртібі қаралған. Ешкімнің еңбек құқықтары бұзылмайды. Ал түнгі соттың негізгі уақыты 18.30 – 22.00 дейін.

Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Д.Архатқызы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.