Сотқа қатысқан журналистердің хабарлауынша, 25 қазан күнгі сот процесінде Нартай Дүтбаев куәгер ретінде жауап берді. Дүтбаев оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовті 2002 жылдан бері білетінін, «дос ретінде араласқанын», «оның сұрауы бойынша ҰҚК Ержан Тәтішевтің телефонын тыңдағанын» айтты. Tengrinews.kz сайтының хабарлауынша, Нартай Дүтбаев 2009 жылы «Қазатомөндіріс» ұлттық компаниясының басшысы Мұхтар Жәкішев қамалғаннан кейін Әблязовтен «ішінде ақшасы бар банк карточкасын» алғаны туралы айтты.
ҰҚК экс-басшысының сөзінше, Әблязов ақшаны Алматыдан Астанада өтетін Мұхтар Жәкішевтің сотына қатысуға бару үшін беріп жіберген.
Дүтбаев бұған қоса шетелге кеткен Әблязовпен 2009 жылдың соңына дейін оны мемлекетке қарсы шықпауға көндіру үшін сөйлескенін айтқан. Оның сөзінше, «Әблязов пен Тәтішев арасында мүлікті бөлісуге қатысты келіспеушілік болған.
Нартай Дүтбаев 2017 жылы «мемлекеттік құпияны жариялау» ісі бойынша жеті жылға сотталған. Ал 2018 жылы 1 ақпан күні Әскери сот Ақмола гарнизонының әскери соты Нартай Дүтбаевты «қаржы жымқыру және жылыстату» айыбы бойынша 12 жылға соттағанын хабарлаған. Дүтбаевқа шығарылған екі жаза жартылай біріктіріліп, соңғы шешім ретінде 12 жыл кесілген.
Ержан Тәтішев 2004 жылы аңшылықта жүргенде оқ тиіп өлген. Сол кезде мұны сот «жазатайым оқиға» деп танып, банкирдің жанында бірге болған кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдиді бір жылға соттаған. Бірақ 2017 жылы іс қайта қаралып, Мұратхан Тоқмәди Тәтішевті «ТұранӘлем» банкін иеленуді көздеген «Мұхтар Әблязовтің тапсырысымен өлтірдім» деген. Сот оны 2018 жылы он жарым жылға соттады.
Қазақстан бас прокуратурасы 4 сәуірде Мұхтар Әблязовтің үстінен «банкир Ержан Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырды» деген айыппен қылмыстық іс қозғаған.
Осыдан кейін Мұхтар Әблязов Азаттыққа Ержан Тәтішев өліміне қатысты тергеуге және сотқа қатысуға дайын екенін мәлімдеген. Ол сотқа Тәтішев өліміне қатысы бар деп сотталған Мұратхан Тоқмади келсе ғана отырыстарға видео арқылы тікелей қосылатынын айтқан.
Мұхтар Әблязов 2009 жылдан бері шетелде тұрады, өзіне қатысты барлық айыптаулардың саяси себебі бар деп санайды. Қазақстан соты Әблязовті «қылмыстық топ құрды» және «ақша жымқырды» деп, 2017 жылы сырттай 20 жылға соттаған.
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024