Ақтөбеде 13 жылға абақтыға қамалған террористік топтың мүшесі Әлібек Әлиев өзінің жасаған ісіне өкініш білдірді. Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбада сотталушы өзінің радикалды ағымға қалай кіргені туралы егжей-тегжейлі айтып береді.
Әлібек Әлиев пен Жанасыл Жұбатовтың ісі Ақтөбе сотында сараланып, үкім шыққан еді. Тергеу органдары оларға “терроризмді насихаттады”, “діни алауыздықты тудырды”, “террористік топ құрып, оған жетекшілік жасады және қызметіне қатысты”, “заңсыз қару сақтады” және заңсыз қару жасады” деген айып тақққан болатын. Айыптау актісіне қарағанда, сотталушылар “салафи жиһади” бағытын ұстанған. Олар 2018 жылы террористік топ құрып, экстремистік “Ислам мемлекеті” халықаралық ұйымына қосылмақ болған. Дін жолында жүрген ақтөбеліктерге терроризмді насихаттайтын бейнематериалдар көрсетіп, Саид Бурятскийдің лекцияларын тыңдауға кеңес берген. Тергеу мәліметтеріне қарағанда, олар 100 мемлекеттік қызметкерді қаланың сыртына шығарып, өлтірмек болыпты. Тіпті ҰҚК департаментінің әкімшілік ғимаратын жарып жіберуді және судьялардың көзін жоюды жоспарлаған. Осыдан кейін олар Сирияға барып, ДАИШ ұйымына қосылмақ болған. Алайда сотталушылардың ойы жүзеге аспай қалады. Олар 2018 жылдың 15 қарашасында ҰҚКД қызметкерлерінің қолына түседі. Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қиятбек Мырзабеков оларды кінәлі деп тапты. “Террористік топтың басшысы” делінген 25 жастағы Жанасыл Жұбатов 15 жылға сотталса, 31 жастағы Әлібек Әлиев 13 жылға бас бостандығынан айрылды. Олар қазір қауіптілігі барынша жоғары түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Сотталушы Әлібек Әлиев сотқа дейінгі тергеу изоляторында түсірілген бейнежазбада өзінің қалай салафит болғаны туралы айтып береді.
Менің ұстазым болған жоқ
Белгілісі, Әлібек Әлиев 2008 жылы дін жолына бет бұрған. 2009 жылы “атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін” 3 жылға сотталған. Айтуынша, ол дін жолына өзі түскен.
-Дінге өзім қызыға бастадым. Мен ұстазға барған емеспін. Ешқандай діннен хабарымыз болмағандықтан, сұраққа жауапты өзіміз іздедік. Соңыра бір-бірімізден кімнен білім алуға болатындығын сұрастырдық. Сөйтіп, Назаратулла, Ділмұраттардың атын естідік. Оларды тыңдап, дәрістерін дәптерге жазып алдық. Саид Бурятскийді, Абдурахим Башпаевты, Ахмад Мединскийді, Халит Ясинді тыңдадым. Өз-өзіме шектеу қойдым. Намаз оқымағандарды “мұсылман емес” деп есептедім. “Намаз оқымайтын адамдар сойған малдың етін жеуге болмайды, олар -кәпірлер ” дейтінмін. Сөйтіп бірте-бірте осы сенімді бойыма сіңірдім. Олар: Егер адам мұсылман болмаса, сен оны жек көруің керек. Сен дінге сенбейтін адаммен жауласуың қажет. Егер физикалық күш көрсете алмасаң, эмоцианалдық тұрғыда жаулас. Ең болмағанда , бетіне түкіріп жіберуің керек”деп үйрететін. Соңыра мен “Джебхат ан–Нусра” террористік тобы туралы біле бастадым. Мені “Ислам мемлекеті” жөнінде мәліметтер қызықтыра бастады. Олар “шариғат үшін жауласып жатырмыз”дейтін. Яғни, саясат та, Конституция да шариғат бойынша болғанын қаладық,-дейді сотталушы.
“Ислам мемлекетіне” барғым келді
Теріс ағымның жетегінде кеткен ол “Ислам мемлекетіне” барып, соғысқысы келгенін де жасырмайды.
-Ауғанстанға, Синай жарты аралына, Ирак пен Сирияға барып, соғысқым келді. Көпшілігі Түркия арқылы “Ислам мемлекетіне”барды. Мен Twitter, Telegram, Facebook әлеуметтік желілері арқылы, осы елдерге барудың жолын іздедім. Мен жолға шығуға дайын болған кезде Түркия өз саясатын өзгертіп, шекарасын жауып тастады. Соңыра Мысыр арқылы Синай жарты аралының аумағына өткім келген, бірақ оған қаражатым болмады,-дейді сотталушы. Оның айтуынша, үгіт-насихат жұмыстары өте белсенді түрде жүргізіледі.
-Олар “Cен ешкімді тыңдамауың керек, тек олардың ғалымдарының айтқаны ғана дұрыс. Барлық әлем сенің жауың, барлығы тек саған жамандық тілейді, барлығы исламға қарсы жауласып жатыр, барлығы оны құртқысы келеді”деп үйрететін,-дейді Әлібек.
Өзгерген өмір
25 жастағы Әлібек Әлиев сотталғанға дейін электромонтаждаушы болып жұмыс істеген. Кәмелетке толмаған бес баласы бар. Ол салафиттік ағымға бет бұрғанға дейін өзінің мүлдем бөтен адам болғанын айтады.
-Мен бұрын мүлдем басқа адам болдым. Мейірімді едім, үй жинап, ыдыс-аяқ жуатынмын. Далаға қоқыс шығарып, нан да алып келетінмін. Анам жұмыстан қайтқан кезде күтіп алып, сөмкесін көтеретін едім. Кейін мүлдем өзгердім. Анам мен әкемді “кәпір” деп атай бастадым. Ата-анаммен жиі сөзге келіп қалатын едім. Олар имамдардан кеңес сұрай бастады. Ал мен оларға “Имамдар мен үшін беделді адам емес, олар үкіметтің айтқанын жасайтын ғалымдар”деп сөз таластыратын едім,-дейді ол.
Өкінішім көп…
Бүгінде діни білімсіздігінің кесірінен теріс ағымның жетегінде кеткен жігіт өз ісіне өкініш білдіреді.
-Осы бейнежазбадан кейін көбісі мені “оны осы видеоға түсуге мәжбүрлеген не болмаса жалған сөйлеп отыр” деп қаралауы мүмкін. Алайда мен жасаған ісіме өкінетінімді айтқым келеді. Туыстарыма, жақындарыма зәбір көрсетіп, ауыр сөздер айтқаным үшін өкінемін. Жастар шет елдің ғалымдарынан емес, діннен хабары бар адамдардан білім алғанын қалаймын. Олар біздің мәдениетімізді, қазақтың салт –дәстүрін білетін ғалымдарды тыңдауы керек,-дейді ол.
Өз қателігін түсінген жігіт ата-анасынан кешірім сұрайды.
-Мен қатты ұяламын. Ұзақ уақыт бойы өзімнің ата-анама,отбасым мен балаларыма өзімшілдік танытып келгенімді мойындауға батылдығым жетпеді. Бастысы, ата-анамның мені кешіргенін қалаймын. Олар маған деген сенімін жоғалтпаса деймін. Мен өз қателігімді түсіндім және қатты өкінемін. Мен ата-анам, жұбайым мен балаларым үшін өмір сүремін. Мені дер кезінде тоқт ат қаны үшін күштік құрылым өкілдеріне, яғни ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлеріне де алғыс айтқым келеді. Мұны жағымпаздық деп ойламаңыздар. Егер олар болмаса, мен мүлдем тереңдеп кетер едім. Ол кезде тірі болмаған да болар едім. Ата-анамды, жұбайым мен балаларымды көре алмас едім,-дейді сотталушы.
Ж.Есмағанбет
arasha.kz
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024