arasha.kz

Тереза Мэй: Брекзитке балама жоқ

Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй елдің Еуропа Одағы құрамынан шығуы (Брекзит) туралы өз жобасына балама жоқ деп мәлімдеді. Бұл туралы ол The Sun басылымында шыққан мақаласында жазған. Үкімет жетекшісі Брюссельмен «ең жақсы» келісімге қол жеткізуге уәде берген және Брекзит Біріккен Корольдіктің егемен ел ретінде гүлденуіне апарады деп сенетінін айтқан.

Оның сөзінше, Еуропа Одағынан шығудың арқасында Британия шекараны, қаржы мен заң шығару процесін бақылауды өзіне алады және миллиондаған жұмыс орындарын құрады. Бұған қоса Брюссельмен мәміле Еуропамен шекара арқылы тауар қозғалысы еркіндігін сақтап қалуға мүмкіндік береді деп сендіреді Мэй.

Британ үкіметінің басшысы Лондонның Брекзиттен кейін де терроризм мен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресу үшін еуропалық қауіпсіздік органдармен тығыз байланыста болатынын атап көрсеткен.

2016 жылы өткен референдумде Ұлыбритания тұрғындары Еуропа Одағынан шығуды қолдап дауыс берген. Ұлыбритания 2019 жылғы наурыздың 29-ында Еуропа Одағынан толық шығуы тиіс. Одан кейін «өтпелі кезең» 2020 жылға дейін жалғасады.

Брюссель мен Лондон Брекзит туралы келісімді қарашаның соңына дейін бекітуді жоспарлап отыр. Брекзиттің қатаң үлгісін қолдаушылар келісімнің қазіргі нұсқасына қарсы. Осы себепті Тереза Мэйді биліктен кетіргісі келетін оның партияластары парламентте қажетті қолдауға ие болған деп хабарланған. Мэйдің жобасын оппозициядағы лейбористік партия да сынап, оны қайтарып алуды ұсынған. Бейсенбіде Мэйдің жоспарымен келіспейтін төрт министр отставкаға кеткен.

Azattyq.org

Exit mobile version