08-09-18 |
5290 рет қаралған
Тергеу соты – теңгерімді сақтаудың кепілі.
Тергеу соты – теңгерімді сақтаудың кепілі

Тергеу судьясы деген түсінік ең алғаш рет Қылмыстық процестік кодекстің қолданысқа енгізілуімен 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап тәжірибеге енгізілген еді. Оған «100 нақты қадамнан» тұратын Ұлт Жоспарының бастамашы болғаны белгілі.

Осы тарихи құжаттың 22-қадамында «Адамның және азаматтардың конституциялық құқын шектейтін барлық тергеу қызметі жөніндегі өкілеттіктерді тергеу судьясына біртіндеп беруді қамтамасыз ету арқылы сотта айыптаушы мен қорғаушы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету» міндеті жүктелген. Тергеу судьясы институтын жандандыру бойынша жоспарланған жұмыстар бастапқы кезден үлкен қызығушылық тудырды. Жаңа институттың қоғамға керектігі, атқарған функциясына толық сай келетіні уақыт өте келе өз дәлелін тапты. Осыған орай, бұл институттың құзыретін бұдан да әрі кеңейтіп, сот жүйесін дамытудың бір тетігі ретінде пайдалану мақсатында арнайы тергеу соттарын құру мәселесі күн тәртібіне қойылған еді. Тергеу судьялары жұмысын бастаған екі жылдан бері шеберлігін шыңдады, бай тәжірибе жинады. Өз қызметінің тиімділігін, пайдалы екені, азаматтарға қолайлы екенін байқатты. Осы тұрғыдан алғанда жекелеген судьяларға жүктелген міндеттің аясын кеңейтіп, арнайы мамандандырылған соттардың құрылуы құптарлық.

Сот саласында қолға алынған жаңашылдықтың бәрі халыққа тиімді қызмет көрсетуді, ел мен сот арасындағы байланысты нығайтуды көздейді. Мамандандырылған тергеу соттарын қолданысқа енгізудің астарында да азаматтардың құқығы мен бостандығын мінсіз сақтау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді жоғары міндеттер тұр. Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасының мамандандырылған тергеу соттарын құру және Қазақстан Республикасы соттарының кейбір кадр мәселелері туралы жарлыққа қол қоюы осы ойдағы істі заңдастыруға, құқықтық тұрғыдан бір арнаға түсіруге кепіл болды. Жарлыққа сай, еліміздің он төрт облысының орталығында мамандандырылған тергеу соттары, ал, Астана мен Алматы қаласында мамандандырылған ауданаралық тергеу соттары құрылды.

Қазір 16 өңірдегі тергеу соттары халыққа есігін айқара ашуда. Енді жасырын тергеу әрекеттері, тергеу кезінде кеткен кемшіліктер, сот процесіне қатысы бар адамдардың телефонын тыңдау секілді істерге санкцияны тергеу соттарынан кедергісіз алуға болады. Алдын ала сот тергеуіне дейінгі әрекеттердің тергеу судьясының бақылауында болғаны өте дұрыс. Өйткені, тергеу соты – мұндай заңсыздықтардың жолын кеседі. Жалпы өркениетті елдердің бәрінде осындай тәртіп сақталған. Тергеу соты қорғаушы мен айыптаушы арасындағы теңгерімді сақтайтындықтан, қарапайым азаматтардың өздерін қорғаудағы мүмкіндігі де кеңейе түсті деп сеніммен айта аламыз.  Сонымен қатар, мамандандырылған кәмелетке толмағандар ісі, экономикалық, әкімшілік, қылмыстық істер жөніндегі соттар сияқты арнайы жаңа құрылған тергеу сотыны да азаматтар құқықтарының қорғалуын күшейтеді деп сенеміз.

Жайық Жанболатов,

Алматы облысы Қапшағай қалалық сотының судьясы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.