22-08-20 |
1330 рет қаралған
Терроризммен айыпталғандарға тағайындалатын жаза күшейтілуі керек.
Терроризммен айыпталғандарға тағайындалатын жаза күшейтілуі керек

Заман алға жылжыған сайын заң да өзгеріп, қылмыстың да түрі түрленіп келеді. Мәселен тәуелсіздік алған тұста терроризм, экстремизм сөзін айтса ешкімнің елеңдеп, құлақ түре қоймайтыны анық еді. Қазақстан халқы азаттықтың алғашқы жылдары дінді имандылықтың, тазалықтың бастауы деп білді. Содан болар, діни ұйымдардың тіркелуіне, діншілдердің жұмысына ешқандай бөгет жасалмады. Өзгелер тұрмақ, бұл еркіндік ислам дінін желеу еткен көптеген жат ағымдардың жандануына, соңына сансыз жасты ілестірді. Баласының мешітке барғанын мәртебе көрген ата-ана араға уақыт салып бармағын тістейтінін ол кезде бағамдаған жоқ.

Бетімен кеткен ағымдар талай қазақ баласының жолын бөгеді, миын улады. Соның кесірінен өз жақынын кәпірге балап, өз ортасынан алыстағандар аз болмады. Алғашқы террорлық актілер, жиһад деген сылтаумен басын қатерге тігіп соғыс алаңдарына аттанғандар діни сауатсыздықтан құрдымға кетіретінін ұқтырды. Осылайша заңнамаларға түзету енгізіліп, діни ұйымдарды тіркеу талабы өсті. Сонымен бірге, санасы уланған жастарды ақылға шақырудың амалдары жасала бастады. Терроризм мен экстремизмның қауіптілігі ескеріле отырып, заңдағы жауаптылық қатайтылды. Мұндай кешенді шаралар қолға алынбаса зайырлы мемлекеттің болашағына қауіп төнер еді. Заң жаңғыртылған соң, сот саласында терроризм бабы бойынша ұсталғандарға жаза тағайындаудың бірыңғай практикасын қалыптастыру міндеті тұрды. Бұл да бір күнде жасалатын, бір сәтте орындалатын мәселе емес.

Жалпы қазақстандық соттар терроризм мен экстремизге қатысты істерді қалай қарайды? Мұндай істерді таразылаудың бірыңғай тәжірибесі жасақталған ба? Күн тәртібінде тұрған өзекті мәселеге орай еліміздің Жоғарғы Сот органында онлайн жиын өткен болатын.

Онлайн форматында ұйымдастырылған жиынның тізгінен Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдрашид Жүкенов ұстаған болатын. Бұл шара Жоғарғы Сот және Америкалық заңгерлердің Қазақстандағы қауымдастығының (ABA ROLI) өкілдігі АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен өтті. Жиын барысында модератор ретінде мәселенің ауқымдылығына, маңыздылығына тоқталған алқа төрағасы қоғамда жиі көрініс табатын тұрмыстық зорлық-зомбылық, террористік және экстремистік идеяларды тарату арқылы өз ұстанымын басқаларға күштеп таңушыларға тосқауыл  қоюға барша халықты шақырды. Расында мұндай қылмысты ауыздықтау, жастарды жат ағымның салқынынан сақтау мемлекеттің міндеті.

Онлайн режимде ұйымдастырылған шараға 90-ға жуық судьямен бірге осы тақырыпқа қызығушылық танытқан құқық қорғау органдарының, халықаралық ұйымдардың және адвокаттар қоғамдастығының өкілдері қатысты.

Жиынның маңызын арттырған тағы бір тетік – шараға терроризм мен экстремизмді терең зерттеп жүрген Таллин аудандық (апелляциялық) сотының қылмыстық алқасының судьясы, Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық соттың судьясы Павел Гончаров пен Миннесота (АҚШ) аудандық сотының төрағасы, БҰҰ-ның Терроризмге қарсы комитетінің Атқарушы директораты жобасының қатысушысы Джон Танхейм қатысты.

Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашид Жүкенов қатысушыларға жоғарыдағы мәселеге байланысты туындайтын түйткілдерді тізбелеп, кемшіліктерді бірігіп шешуге ынталы екенін айтты. Ол үшін соттар өз тәжірибесімен бөлісіп, қазылардың біліктілігін арттыруға атсалысуы керек.

Ә.Жүкенов өз сөзінде: «Жаңа сын-қатерлер тиісті шараларды қабылдауды талап етеді – бұл заңнамаға да, сот практикасына да қатысты», – деп тақырыпты терең зерттеу керектігін тағы бір мәрте қаперге салды. Алқа төрағасы соңғы уақытта террористік және экстремистік актілер жасап, радикалды идеологиялардың айналасына таратқандарға қатысты қылмыстық жауапкершіліктің күшейтілгенін атап өтті. Соған орай заңнамалар да жаңғыртылып, «Терроризм актісі» және «террористік немесе экстремистік қызметті қаржыландыру» секілді ұғымдарың мазмұны барынша кеңейтілді. Нәтижесінде ұлттық заңнамамызға терроризмге байланысты қылмыстар үшін азаматтықтан айыру туралы норма енгізілгені белгілі. Алғашында дұрыс қабылдамаған халықтың енді ғана шындыққа жақындай түскені аңғарылады. Сауапты іске үлес қосуды жөн көрген отандық судьялар да қоғамды терроризм мен экстремизм қатерінен сақтауға  үлес қосуда.

Шара кезінде Қазақстан, АҚШ пен Эстониядағы террористік және экстремистік бағыттағы істер бойынша сот практикасы туралы Қазақстан Жоғарғы Сотының судьясы Ерден Әріпов, Дж.Танхайм және П. Гончаров баяндама жасады. Іс-шараны қорытқан Ә.Жүкенов өткен жылы Қазақстанға ресми сапармен келген БҰҰ комитетінің терроризммен күрес жағдайында адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын көтермелеу және қорғау мәселесі бойынша арнайы баяндамашысы Ни Аолаинның ұсынымдарын ескере отырып, халықаралық тәжірибені ұсыну қазақстандық судьялар үшін өте танымды болғанын атап өтті.

Ал спикер П.Гончаровтың мәселені шетел тәжірибесімен салыстыра отырып тереңнен зерделегені аңғарылады. Баяндамасында халықаралық тәжірибеден мысалдар келтіре отырып, әр түрлі елдерде ақтауға мүмкіндігі бар адамдарды атап өтті.  «Жаңа сын-қатерлер тиісті шараларды қабылдауды талап етеді – бұл заңнамаға да, сот практикасына да қатысты», – деді П.Гончаров.

Іс-шара барысында айтылған барлық ұсыныстар мен ескертулер егжей-тегжейлі талданып, қатысушылар ортақ тақырыпқа орай өз ойларын ортаға салды. Жақын арады олардың пікірлері мен лебіздерінің негізінде нақты ұсыныстар әзірленбек. Десек те, ұлттың бірлігін бұзатын, ынтымағына сызат түсіретін терроризм мен экстремизмге қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылық күшейтіле бергені абзал.

Руслан Мәлікұлы
arasha.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.