Бүгін, 19 қыркүйек Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми түрде президенттік мансабына кіріскеніне 100 күн толды.
Наурыздың 19 да елді отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кетіп, мемлекетті уақытша басқару үшін саясаткер Қасым-Жомарт Тоқаевты қойған еді. 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың басым дауысын жинап, президент болып сайланды. Ал маусымның 12-сі күні Қ. Тоқаевтің иннагурациясы өтіп, ресми түрде қызметіне кірісті.
Азды-көпті 100 күндік Тоқаевтың президенттігі кезінде елде түрлі оқиғалар болды. Мемлекет астанысының атауынан бастап, ірі қалалардағы негізгі көшелердің көбі Назарбаевтың атына көшті. Еліміздің оңтүстігіндегі Арыс қаласында әскери қойма жарылып, қала тұтастай босып кетті. Осы уақыт ішінде елде бірнеше рет митингілер болды. Президент алғашқы жолдауын да жасап үлгерді. Жүз күнде президент өзін қалай көрсетті, Қасым-Жомарт Кемелұлы қандай саясаткер деген сұрақтарға сарапшылар өз пікірлерін білдірген еді.
Саясаттанушы Ерлан Саиров президенттің кадр саясатында өздігінен шешім қабылдай алатынын баса айтып, мемлекет басшысын әрі дана, әрі қатаң саясаткер деп есептейтінін жеткізді.
- «Бүгінгі кадрлық шешімдерге қарап ел Президенті кадрлық шешімді өздігінен қабылдайтынын көруге болады. Президент саяси формада. Мемлекет Басшысы шешім қабылдауда негізгі саяси бағыттаушы екеніне көпшіліктің көзі жетті. «Саяси класс» президенттің жұмсақ, бірақ мықты бағытын сезетін болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы әлі өзінің дана да, қатаң мінезін көрсететін болады. Бәрі дұрыс, солай болуы керек», -дейді Е. Саиров әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ал саясаттанушы Дос Көшім керісінше билік басындағы кадрлардың ауыспайтынына қынжылыс білдірді.
- «Бәрібір бұрынғы кадрлардан басқа жаңа адам жоқ. Мен билікке жаңа бір топ келеді, жаңа адамдар келеді деп ойлап едім. Комсомолдан шыққан Көшербаев, сегіз жыл бойы «Нұр Отанның» хатшысы болған Ерлан Қарин тағы да сондай адамдардың бәрі қалды. Билікке жаңа адамдар келмейінше өзгеріс жасаймын дегенге ешкім сенбейді. Жаңадан бір-екі адам емес, жаңа саяси бағытты ұстанып келе жатқан жаңа топ келуі керек. Ондай топты жолататын түрі жоқ», -деді Дос Көшім.
Саясаттанушы президент Тоқаевтың осы уақытқа дейінгі жұмысынан нақты әрекет көрмегенін айтып отыр.
- «Осы бағытты өзгертем-ау» деген сөздер бар. Осындай қадамдарға бара ма деген үміт бар. Бірақ нақты істі осы жүз күннің ішінде көрсетіп үлгеруі керек еді. Ең бастысы сайлауды әділ өткіземін деп уәде бергенімен, өте нашар өтті. Қазіргі кезде біржақты баға беру, меніңше қиын. Оның президенттікке алғаш келгендегі Астананың атын ауыстыруы тағы басқалары менің өзгеріс бола ма деген сенімімнен кетіп барады», -дейді Дос Көшім «Арашаға» берген пікірінде.
Саясаткер Серікболсын Әбділдин болса, Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясаткер ретіндегі біліктілігін жоғары бағалайды екен.
- «Оның білімі, жүрген жүрісі, тұрған тұрысы, сөйлеген сөздерінің барлығы сауатты адамның ісі. Мен Жоғарғы кеңестің төрағасы болып жүргенде оның қызметі сыртқы істер министрінің орынбасары болды. Сол кездің өзінде оған көз салып, жас маман, жас азамат ретінде бағалайтынмын. Одан кейін бес жылдай мәжілісте депутат болғанда ол екі жылдай шамасында премьер-министр болды. Сол кезде мен онымен кездесіп, істеп жүрген жұмыстарының нәтижесін білетінмін. Одан кейін мен саясаттан кеткен соң сенат төрағасы болып отырған кезде көзге көп түсетін. Сол себепті де мен Тоқаевтің бастамасын қостаймын. Сөйлеп жүрген сөздері, бастамалары, талап етіп жүрген істері дұрыс. Бірақ бір мәселе бар, ол Назарбаевтің стратегиясын қолдаймын дейді. Назарбаевтің стратегиясы жемқор билікті құру, оның стратегиясы – демократия емес, автократия, диктатура. Назарбаевтің стратегиясын қолдаймын дегені дипломатия үшін деп есептеймін», -деген Серікболсын Әбділдәұлы Қасым-Жомарт Кемелұлының әлі де жақсы бастамалар әкелетініне сенеді.