arasha.kz

Тоқаев: Қазақ тілін дамытамыз деп орыс тілінің мәртебесін шектемеуіміз керек

фото: anatili.kazgazeta.kz

«Ана тілі» газетінде президент Қ.Тоқаевтың үлкен сұхбаты жарық көрді. Сұхбатта президент қазақ тілінің мәселесін, митингілер және пандемия тудырған проблемаларды сөз етеді. Мәселен, сұхбатта Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Сондай-ақ қазақ тілін дамытамыз деп орыс тілінің мәртебесін шектемеуіміз керек. Жоғарыда айтқанымдай, тіл мәселесінің астарында үлкен саясат бар. Сондықтан бұл тұрғыда асығыстық пен жалаң ұрандату мемлекеттігімізге кесірін тигізуі мүмкін. Жалпы алғанда, жоғары оқу орындарында нақты ғылымдарды орыс тілінде оқыта берген жөн. Біздің өскелең ұрпақ қазақ тілімен қатар, орыс тілін де еркін меңгеруі керек.» дейді.

Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуде осы уақытқа дейін көп жұмыс атқарылғанын алға тартқан президент тіл саясатының астарында үлкен саясат жатқанын айта келіп бүй дейді: «Шындығында, тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар. Тіл мәселесіне бей-жай қарап, нем­құрайдылық танытатын бол­сақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіп­сіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін. Бұған Украинаны мысалға келтірсек те жеткілікті деп ойлаймын. Мемлекеттік тілді дамыту ісінде қызбалыққа салынып, оның қолдану аясын күшпен кеңейтуге ұмтылудың кері әсері болары анық. Өйткені оның соңы ұлтаралық араздыққа дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар бұл тұрғыда геосаяси жағдайды да назардан тыс қалдырмауымыз керек. Әсіресе Ресеймен арадағы шекарамыздың әлем­дегі ең ұзын шекара екенін де әсте естен шығармаған жөн. География – геосаясаттың маңызды факторының бірі».

Дегенмен мемлекеттік тіл мәселесін шешу ісі тоқтамайтынын айтқан президент сөз орайында Өзбекстанды мысалға келтіреді.

» Бұл орайда Өзбекстанның тәжірибесін мысалға келтіруге болады. Олар өздеріне тән жайлы мінезіне салып, ұрандатып-шулатпай-ақ, қажет кезінде орыс тіліне де жүгіне отырып, тіл мәселесін толық шешіп алды. Менің таңғалатыным, Өзбекстанның мемлекеттік органдарында әлі күнге дейін орыс тілі қолданылады. Тіпті олардың тұтас тарихында да осылай болған. Өзбектер қоғамдық қатынастарды саясиландырмай, еңбек пен саудаға басымдық беріп, ХХ ғасырдың бас кезіндегі аз ғана халықтан қазір Орталық Азиядағы ең үлкен ұлтқа айналды. Сондықтан ұлы Абайдың өзбек халқына қатысты айтқан парасатты ой-пікірі қазіргі технология ғасырында да өзінің өзектілігін жоғалтпағанын байқаймыз. Өзбектер саясатқа құмар емес, олар еңбек еткенді құптайды. Бұл ел көшеде ұрандатып шеруге шығып жүрген жоқ. Қайта жасампаздыққа жетелейтін еңбекпен айналысып жатыр» дейді президент.

Қазақ тілі мәселесінде жоғарыдағыдай біраз ой айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы тілге қатысты негізгі төрт мәселені атап көрсеткен.

«Біріншіден, қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында – анахронизмге айналуға тиіс.

Екіншіден, біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі.

Үшіншіден, қазақ тілін қолдану барысында фонетикалық және орфографиялық қателер жіберіп алатын отандастарымызға түсіністікпен қарап, толеранттылық танытуымыз керек. Мұндай азаматтар жастарымыздың арасында да аз емес. Олардың талпынысын мазақ етпей, қайта қолдай түскеніміз жөн.

Төртіншіден, телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет. Бұл ақпарат өнімдері Ресей бағдарламаларының көшірмесіне емес, қайта қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс. Арзан ойын-күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет» дейді президент.

Қазақстан конституциясы бойынша қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Орыс тілі мемлекеттік органдарда қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылады деп көрсетілген. Экс-президент Н.Назарбаев та өз уақытында «Қазақпен қазақ қазақша сөйлессін!» деген ұран тастаған еді. Бұдан басқа да тіл мәселесінде әртүрлі сұхбаттарында ойларын айтқан. Әзірге Қазақстандағы қазақ тілінің проблемасы толық шешімін таппай келеді.

Exit mobile version