arasha.kz

Трамп Мексиканы мигранттар ағынын тоқтатуға шақырды

АҚШ президенті Дональд Трамп Мексика мен Орталық Америка елдерін АҚШ-қа ағылған мигранттар легін тоқтатуға шақырды.

«Мексика мигранттарды біздің оңтүстік шекарамызға жеткізбей тоқтатса немесе Латын Америкасы елдері оларды бері жібермесе жақсы болар еді. Бұл елдер кейбір азаматтарынан оларды АҚШ-қа жөнелтіп құтылғысы келеді. Бұлай істеуге болмайды» деп жазды Трамп Twitter-де.

25 қарашада Мексиканың Тихуану қаласына жеткен 500-ге тарта  мигрант АҚШ-пен шекарадағы биік қабырғаны бұзып өтпек болған. АҚШ ішкі қауіпсіздік министрі Кирстьен Нильсен босқындар алдымен бейбіт шеру өткізіп, сосын тәртіпсіздік басталғанын хабарлады.

Мексика полициясы босқындар тегеурінін тоқтата алмады. АҚШ шекара қызметінің сарбаздары босқындарға көзден жас ағызатын газ шашты. Мигранттарды қорғайтын қозғалыс белсенділері тәртіпсіздік салдарынан бір адам қаза тапқанын айтады. Әзірге бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.

Мексика билігі АҚШ шекарасынан «заңсыз және күшпен өтпек болған» 500-дей адамды депортациялайтынын мәлімдеді.

Мексиканың АҚШ-пен шекарадағы Тихуану қаласында бес мыңға таяу мигрант жиналып тұр. Қала билігі босқындар толассыз ағылып келе бастауына байланысты «гуманитарлық дағдарыс» басталғанын мәлімдеді. Мигранттардың көпшілігі Гондурас, Гватемала және Сальвадордан шыққан.

Президент Дональд Трамп АҚШ-қа сот паналатуға рұқсат берген босқындар ғана кіретінін мәлімдеді. «Сот рұқсат бермеген мигранттардың бір де бірін АҚШ-қа кіргізбейміз» деді Трамп.

Azattyq.org

Exit mobile version