28-11-18 |
790 рет қаралған
Трамп: Путинмен Аргентинада кездеспеуім де мүмкін.
АҚШ президенті Дональд Трамп Аргентинада өтетін «Үлкен жиырмалық» (G20) елдерінің саммитінде Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізбеуі мүмкін екенін мәлімдеді. Washington Post газетіне берген сұхбатында Трамп көмекшілерінен Азов теңізінің Керчь бұғазындағы жағдайға байланысты толық есебін әлі күтіп отырғанын айтты.

«Келіссөздің болу-болмауы негізінен осы есепке байланысты. Келіссөз жүргізбеуіміз де мүмкін. Бұл басқыншылық маған мүлдем ұнамай тұр, қабылдай алмай тұрмын» деді Трамп сұхбатында.

25 қараша күні таңертең Керчь бұғазында Ресей әскерилері Украинаның үш әскери кемесін атқылап, экипажымен бірге тұтқындаған. Бірнеше әскери жараланған. Ресей украин кемелерін территориясына «заңсыз кірді» деп айыптаса, Украина кемелердің бұл аумақтан өтетіні «алдын-ала ескертілгенін» айтып, Ресей әрекетін «бассыздық» деп атаған.

Ресей шекарашылары барлығы 24 украин әскери қызметкерін ұстап, олардың үшеуін екі айға қамаған. Әр қилы мәлімет бойынша, кемелерді атқылап, соғу кезінде алты теңізші жараланған. Олар Керчьтегі әскери ауруханада жатыр.

Украина парламенті жанжалға байланысты 28 қарашадан бастап елдің бірқатар аймағында 30 күнге әскери жағдай жариялауды мақұлдады.

Әлемнің экономикасы қуатты жиырма елі басшыларының саммиті 30 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Аргентина астанасы Буэнос-Айресте өтеді.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.