arasha.kz

Түркия университеттері жастарымызды несімен баурап жатыр?

Еліміздегі жоғары оқу орындарының саны мен сапасы күн санап артып келеді. Мектеп бітірген жас түлектерге барынша жағдай жасауға деген талпыныс жоғары деңгейде. Қазақ тіліндегі жаңа 100 кітап сынды жобалар жүзеге асып, жаңа кітапханалар ашылып жатыр.

ЖОО арасында білім беру жүйесіне біршама өзгерістер енгізілуде. Алайда, ата тамырымыз тұтасып келе жатқан көршілес Түркия еліне білім алуға кетіп жатқан жастарымыз да аз емес. Оларды көршілес елдің жоғары оқу орындары несімен баурап алғаны баршамызға қызық… Олай болса Түркиялық университеттердің артықшылығына тоқталсақ. Бұл жазбаның көптеген жас түлектерге пайдалы болары анық.

Ең алғашқы ерекшелік ретінде олардың бір-біріне деген сый-құрметімен қатар келген қызмет көрсету сапасының жоғары деңгейін атап айтуымыз керек. Студенттерді жоғары білім сапасынан бөлек, таным көкжиектерін арттыруға жасалған қолайлылығымен қамтамасыз ете білген. Мәселен, 24/7 жұмыс жасайтын кітапханаларының болуы студенттердің зейінін ашуға үлкен мүмкіндік. Студенттердің айтуынша, егер сабаққа дайындалу мақсатымен студенттер кітапханада қалып қойған жағдайда оларға таңертең тегін таңғы ас ұсынылады. Осы секілді, білім мен жайлылықты ұштастырған Түркия университеттері бізді таңғалдырды.

Қазақстандық жастардың көбі неге шетелдерден Түркияны таңдайды?
Оны да шетелдегі студенттерден сұрап көрдік. Алдияр есімді жерлесіміз Marmara University-де саясаттанушы мамандығы бойынша білім алып жатыр. Оның айтуы бойынша, Түркия мұсылман елдерінің бірі болғандықтан дүниетанымымызда көп өзгешелік жоқ, яғни, адамдармен тіл табысып, шет жерге үйренісіп кету жеңілірек. Сонымен қатар, олар түрік халқының өте мейірбан, қонақжай екенін де айта кетті. Жылы жүзбен қарап, қатарларына қосуға әрдайым дайын. Осылайша, мектеп қабырғасын енді аяқтаған түлектерге өз еліндегіндей қамқорлықты сезіндіре алады екен.

Студенттерді қолайлы жағдайымен баурап алатын Түрік елінің ЖОО-дарының оқу ақысы да біздің көңілімізден шықты. Бір жылдық оқу ақысы орта есеппен алғанда 300-350 АҚШ долларын құрайды. Біздің елге қарағанда әлде қайда тиімдірек. Жатақхана тапшылығы да көп емес. 3 мезгіл дайын тамағымен қамтамасыз ететін студенттер үйлерінің де жағдайы қонақ үйдегідей.

Білім сапасы жайлы айтайық. Университетті оқып аяқтаған соң студенттерге халықаралық диплом ұсынылады. Яғни, әлемнің әр жерінде жұмыс жасауға қабілетті мамандарды даярлап шығады. Білімді мамандардың жақсы қызметке орналасуға мүмкіндігі зор екенін айта кеткеніміз жөн. Алайда, білімді қай жерде алғаның емес, қалай оқығаның одан да маңызды, жас түлек!

Студеттермен сұқбат барысында, Түркия университеттерінде “Академиялық ұтқырлық” бағдарламасының жақсы дамығанын байқадық. Шетелдерде тәжірибе алмасуға жақсы жағдайлар жасалған. Егер білім сайысынан өтсе, әлемнің мықты университтеріне барып оқуға жолдама ала алады. Сәйкесінше, тек Түркиялық емес тағы бір елдің дипломын қолына ұстайды.

Қорытындылай келе, білім алуға талпынғандар үшін Түркия жоғары оқу орындары жақсы таңдау. Білім грантын ұтып, шетелде сапалы білім алу өте керемет мүмкіндік. Білікті маман боп келіп, өз елімізге қызмет еткенге не жетсін!

Бегалы Балнұр

Exit mobile version