Сұлтанов Астанадағы аудан әкімдерінен полиция және төтенше жағдайлар департаменттерімен бірлесіп дереу қаладағы жеке тұрғын үйлерді аралап шығуды және әр үйдің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін тексеруді талап еткен.
Ақпанның 4-іне қараған түні Астананың Сарыарқа ауданындағы Көктал-2 деп аталатын бөлігіндегі жеке меншік үйдің ауласында уақытша салынған баспана өртенген. Өртке қарсы қызмет өкілдері өртенген үйдің орнынан қаза болған бес баланы тапқан.
«Жалпы ауданы 30 шаршы метрді құрайтын өрттің салдарынан қазаға ұшыраған 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес баланың барлығы – бір отбасының балалары. Өрт болған кезде балалардың ата-анасы жұмыста болған» деп хабарлады дүйсенбі күні журналистерге Астана қалалық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің өкілі Аягөз Фазылова.
Оның сөзінше, өрт туралы суыт хабар түскеннен кейін жеті минуттан соң арнайы команда оқиға орнына жеткен. Арада тағы бірнеше минут өткенде үйдің төбесі жанып ортасына түскен. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, өрт суыт хабар түскеннен кейін бір сағатқа жуық уақыт өткенде сөндірілген.
Аягөз Фазылова қайғылы оқиға болған жерге өрт сөндіру зертханасы жіберіліп, өрттің шығу себебі анықталып жатқанын айтты.