Украинаның Жоғарғы Радасы 6 желтоқсанда Украина мен Ресей арасындағы достық туралы келісімді тоқтататын заң жобасын мақұлдады. «Украина мен Ресей Федерациясы арасындағы достық, ынтымақтастық және әріптестік жөніндегі келісімді тоқтату туралы» заң жобасын 277 депутат қолдап дауыс берді.
Заң жобасын парламентке 3 желтоқсанда Украина президенті Петр Порошенко ұсынған. Оған Керчь бұғазында Ресей әскерилерінің Украинаның үш кемесін атқылап, тұтқындағаны себеп болған. Заң жобасы осыған байланысты жедел қаралды.
Украина сыртқы істер министрі Павел Климкин украин дипломаттары осы кезге дейін Ресеймен 48 келісімді тоқтатқанын, енді таяу уақытта тағы 40 шақты келісімнің күші жойылатынын мәлімдеді.
Украина мен Ресей арасындағы достық және ынтымақтастық жөніндегі келісімге 1997 жылдың 31 мамырында сол кездегі екі ел президенті Леонид Кучма мен Борис Ельцин қол қойған. Келісім он жылға (одан әрі өздігінен ұзара береді) арналған. Келісім 1999 жылдың 1 сәуірінен бастап күшіне енген.
6 желтоқсанда Украина Жоғарғы Радасы шекарашыларға ел аумағына басып кіру қаупі төнген жағдайда ескертусіз оқ атуға рұқсат берді.