Украинаның Чернигов облысында 9 қазан күні таңертең қару-жарақ қоймасында жарылыс болды. Украина қарулы күштері бас штабының Facebook-те хабарлауынша, қоймадағы жарылыстан соң маңайда тұратын 10 мыңға тарта тұрғын эвакуацияланды. Жарылыстан ешкім зардап шеккен жоқ. Қоймада 88 мың тонна қару-жарақ пен оқ-дәрі сақталған.
Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Виктор Муженко жарылыс аймағында жүргенін, жарылыс салдарын жою шаралары жасалып жатқанын хабарлады.
Украинада бұған дейін де қару-жарақ қоймаларында жарылыс болған. Былтыр наурызда Харьков қаласына жақын қару-жарақ қоймасында болған жарылыс пен өрттен радиусы 20 километр жерден 20 мыңға тарта адам эвакуацияланған. Былтыр қыркүйекте Винница қаласының түбіндегі артиллериялық оқ-дәрілер сақталған қойма өртеніп, 30 мыңнан астам адам эвакуацияланған.
Украина билігі бұл жарылыстарды «саботаж» деп атап, үкімет елдің қару-жарақ қоймаларын күзету үшін 3,6 миллион доллар бөлген.