10-10-18 |
1870 рет қаралған
Құқық қорғаушы Семенова: Маған қысым жасап жатыр.
Қазанның 10-ы күні Алматыда павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенова баспасөз мәслихатын өткізіп, үйіне «белгісіз біреулер жанғыш заты бар екі бөтелке лақтырып кеткенін» хабарлады. 

– Сейсенбіге қараған түні Павлодардағы үйімді өртемек болды. Терезеге лақтырған бір бөтелке терезенің сыртындағы темір торға соғылып, үйдің сыртқы жағы өртенген. Екінші бөтелке сынбай, өрт болмаған. Мен мұны және бұған дейінгі жайттардың бәрін ескере отырып, мені осылайша қорқыту әрекеттері жасалып жатыр деп білемін, – деді құқық қорғаушы. 

Семенованың үйіне жасалған қастандыққа қатысты істі Павлодар қаласының ішкі істер басқармасы Северный ішкі істер бөлімі тергеуге кіріскен. 

Қазанның 7-сі күні Страсбург қаласына ұшуы тиіс Елена Семенованы әуежай қызметкерлері ұшаққа өткізбеген. Семенова Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясының депутаттарымен кездесуге баруы тиіс болатын. Әуежайдағы шекара қызметкерлері құқық қорғаушыға «Қарағанды облыстың ішкі істер департаментінің тапсырмасы бойынша оған Қазақстаннан шығуға болмайды» делінген қағаз ұсынған. 

– Менің қолымда Қазақстан бас прокуратурасының Еуропарламент депутаты Яромир Штетинаның сұрауы бойынша берген жауабы бар. Ол жауапта бас прокуратура «Е. Семеноваға қатысты ешқандай сот алды бұлтартпау шарасы жоқ. Оған өзінің қоғамдық ісін жүргізуге ешқандай шектеу қойылмаған» деп көрсетілген. Алайда, Қарағанды облысының ішкі істер департаменті маған Қазақстан аумағынан шығуыма тыйым салған екен. Мен әлі күнге дейін ондай қаулыны көрген емеспін, білмеймін де, – дейді Елена Семенова. 

Бұл іске қатысты Азаттық Қарағанды облыстық ішкі істер департаментіне хабарласты.

– Егер қандай да бір наразылығы болса, азаматтық іс жөнінде сотқа беруіне болады. Ал істің мән-жайын білгіңіз келсе ресми сауал жіберуіңіз қажет, – деді департаменттің баспасөз хатшысы Жанатай Сембеков. 

Азаттық департаментке ресми сауал жіберді, әзірге жауап алған жоқ. 

2018 жылғы шілденің 3-і мен 5-і аралығында Елена Семенова Страсбургте Еуропа парламенті мүшелерімен кездесу барысында Қазақстан түрмелері мен қамауда ұстау орталықтарына түскен адамдарға қатыгездікпен қарайтыны туралы баяндаған. Құқық қорғаушының сөзінше, тұтқындағылар ұрып-соғу, зорлау, қорлау және медициналық жәрдемнен айыру тәрізді азаптау мен қатыгездікке душар болған. Ал 23 шілдеде құқық қорғаушының үйін тергеушілер тінтіген.

Елена Семенова тұтқындар құқығын белсенді қорғайтын қызметімен танымал. 2015 жылы күзде Қазақстан билігі жүйені үнемі сынап жүрген құқық қорғаушының үстінен «әлеуметтік желіде көрінеу жалған ақпарат таратқан» деген күдікпен қылмыстық іс қозғаған, бірақ бір жылдан соң бұл істі жапқан.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.