09-10-18 |
830 рет қаралған
Құқық қорғаушы Семенованы әуежайдан шығармады.
Павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенова Қазақстан тарапы өзін Еуропа кеңесінің парламент ассамблеясы депутаттарымен кездесуге жібермей қойғанын хабарлады. Сотталғандардың құқығын қорғап жүрген Семенова бұл ақпаратты Facebook парағында жариялады. Ол Страсбург қаласына барар жолында кеден қызметкерлері Алматы әуежайынан өткізбей қойғанын айтты. 

«Бұған дейін Қазақстан билігі маған ешқандай шектеу жоқ деп сендірген еді. Бірақ Қарағанды облысының ішкі істер департаментінің маған Қазақстан аумағынан шығуыма тыйым салғанын жаңа ғана білдім» деген Семенова.  

Әуежайдағы шекара қызметкерлері құқық қорғаушыға «Қарағанды облысының ІІД тапсырмасы бойынша оған Қазақстаннан шығуға болмайды» делінген қағаз ұсынған. 

Азаттық бұл ақпарат жөнінде Қарағанды облысының ІІД-не хабарласқан. Департаменттің баспасөз қызметі «дәл қазір бұл мәселеге орай жауап бере алмайтындарын және жазбаша сұрау салу керектігін» айтты. 

2018 жылғы шілденің 3-і мен 5-і аралығында Елена Семенова Страсбургте Еуропа парламенті мүшелерімен кездесу барысында Қазақстан түрмелері мен қамауда ұстау орталықтарына түскен адамдарға қатыгездікпен қарайтыны туралы баяндаған. Құқық қорғаушының сөзінше, тұтқындағылар ұрып-соғу, зорлау, қорлау және медициналық жәрдемнен айыру тәрізді азаптау мен қатыгездікке душар болған. Ал 23 шілдеде құқық қорғаушының үйін тергеушілер тінтіген. 

Елена Семенова тұтқындар құқығын белсенді қорғайтын қызметімен танымал. 2015 жылы күзде Қазақстан билігі жүйені үнемі сынап жүрген құқық қорғаушының үстінен «әлеуметтік желіде көрінеу жалған ақпарат таратқан» деген күдікпен қылмыстық іс қозғаған, бірақ бір жылдан соң бұл істі жапқан. 

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.