27-11-18 |
1610 рет қаралған
Қырғыз парламентінің комитеті экс-президентке тиіспеу нормасын жоюды қолдады.
Қырғызстан Жогорку Кеңешінің конституциялық заңнама, мемлекет құрылымы, сот-құқықтық мәселелері және регламент жөніндегі комитеті 27 қарашада экс-президенттерді тиіспеу құқығынан айыруды мақұлдады. «Қырғызстан президентінің қызметіне кепілдік беру туралы» заңға тиісті өзгерістер енгізуді парламент депутаттары Исхак Масалиев пен Курманкул Зулушев ұсынған.

Өзгеріс авторлары заңдағы елдің экс-президенттеріне тиіспеу құқығын беретін 12-бап конституцияда жазылған «заңның алдында барлық азамат бірдей» деген принципке қайшы келетінін айтады. Заң жобасында осы бапты жою ұсынылған.

Депутаттар сонымен қатар заңның іс басындағы президентке тиіспеу құқығын және оны жауапқа тартылудан қорғайтын 3-бабын өзгертуді де ұсынады. Жоба бойынша, президент қылмыстық жауапқа импичмент жарияланып, қызметінен кеткен соң тартылуы мүмкін. Іс басындағы президентті Жогорку Кеңеш оған бас прокуратураның қызметінде қылмыс белгілері бар деген тұжырымы бойынша айып таққан жағдайда ғана жауапқа тарту қарастырылған. 

Заң жобасында сонымен қатар экс-президенттің ар-намысы мен қадыр-қасиетін қорғауға кепілдік беретін 18-бапты жою да ұсынылған.

Қазан айының басында конституциялық палата «Қырғызстан президентінің қызметіне кепілдік беру туралы» заңды конституцияға қайшы келеді деп таныған. Палата экс-президентті тиіспеу құқығынан айыруға болады деген қорытынды жасаған. Бірақ палата бұл процедура президентке импичмент жариялаудан оңай болмайтынын айтады.

Қырғызстанда Роза Отунбаева және Алмазбек Атамбаевтың экс-президент деген мәртебесі бар. Алғашқы екі президент Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиев халық толқулары нәтижесінде биліктен кетіп, экс-президент мәртебесін ала алмаған.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.